387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістанда Жастар орталығынан кеңес алып, өз кәсібін ашқандардың қатары артып келеді

  • 123
  • UPD: 12:25, 13.08.2019

Жыл басынан бері екі мыңға жуық түркістандық жас мемлекеттік бағдарламалар арқылы өз жобаларын жүзеге асырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл ғана ашылған өңірдегі Жастар орталығынан кеңес алып, өз кәсібін ашқандардың қатары артып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел Президенті атанғаннан кейінгі алғашқы сапарын да осы киелі шаһардан бастаған болатын. Сол жолы Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңадан ашылған Жастар орталығында жергілікті билік пен белсенді жастарға қандай міндеттер жүктеді? Мемлекет басшысының тапсырмалары қалай орындалып жатыр?

Дүйсенәлі Оразымбетов – Жастар орталығына сәуір айында келген. «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында осы орталықтағы бизнес тренерлерден дәріс алып, білімін шыңдаған. Соның нәтижесінде жас жігіт өз жобасын қорғап, кәсібін ашқан. Қазір 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Өзі идеясын жүзеге асыруға осы орталықтың көмегі көп тигенін айтады.

Дүйсенәлі Оразымбетов, жас кәсіпкер:

- Маған қалай жоба жасау керектігін үйретті. Ары қарай қалай жүргізу керектігін көрсетті. Мен өзім қасыма команда жинадым. Сол арқылы кішігірім ойын-сауық орталығын аштым. Лобиринг, адреналин алатын квест бөлме. Қазір енді «Ғылыми даму орталығы» деген үлкен жоба жасап жатырмыз, соның жобасын қорғап, бұдан да үлкен белестерді бағындырып, қаламызды көркейтуге үлес қосамыз деген ойымыз бар.

Наурыз айындағы Түркістанға жасаған сапары барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа үлгідегі көпфункционалды Жастар орталығында болып, белсенді жастармен кездескен болатын. Онда Президентке орталықтың атқаратын қызметі мен мүмкіндіктері таныстырылды. Сол сапары барысында Мемлекет басшысы талантты жастарға қолдау керектігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің елімізде бәсекеге қабілетті әрі талантты жастар өте көп. Сондықтан осындай креативті, ойлары ұшқыр жастарға кеңінен жол ашып, жағдай жасауымыз керек. Бұлар жастық шақтың күш-қайратын егемен елімізді өркендетуге жұмсайды деп сенеміз.

Сонымен қатар Президент жергілікті билікке Жастар орталығын одан әрі дамыту және жастардың жұмыссыздық мәселесін шешуді тапсырды. Сондай-ақ жастардың кәсіпкерлікпен айналысып, жан-жақты білім алуын қолдау туралы бірқатар міндеттер жүктеген болатын.

Береке Дүйсебеков, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің басшысы:

- Соның аясында біз жергілікті жастарды жан-жақты өмірлік қажетті дағдыларды оқыту, «Жасыл ел» еңбек жасағы, құрылыс отрядтарына жазғы маусымда жаңа облыс орталығының көркеюіне үлес қосу және одан табыс табуды көздеу мақсатында біз жастарды жұмылдырып жатырмыз. Биыл 160 жас жергілікті жерде абаттандыру жұмыстарына ат салысты.

Аумағы 2 мың шаршы метрден асатын Жастар ресурстық орталығы бір мезетте 400-ге жуық жасқа қызмет көрсете алады. Мысалы онда жастарға қызмет көрсету бөлімі, еріктілер клубы, жас сарбаз, кәсіпкерлік және тілдер мектебі жұмыс істейді. Сонымен қатар Түркістан хаб, коворкинг орталығы, мобильді топ және заңгерлік кеңес бөлмелері бар. Мұнда жастар тәжірибе алмасып, идеяларын іске асыра алады. Сонымен қатар робототехника, электронды кітапхана, медиа студия және психологиялық кабинеттер жастардың жан-жақты дамуына, бойындағы өнері мен қабілетін шыңдауға толық мүмкіндік береді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

 

Хабар 24 телеарнасы