385,96 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыстағы құрылысшылар тәулік бойы еңбек етіп жатыр

  • 102
  • UPD: 21:55, 13.08.2019

Арыс қаласында бүгінге дейін 6952 баспана қалпына келтірілді. Бұдан бөлек жаңадан салынып жатқан 433 үйдің құрылысы аяқталды.

Шаһарды қалпына келтіру кесте бойынша жүріп жатыр. Бірақ кейбір үй иелерінің келісім бермеуіне байланысты 53 баспананың құрылысы басталмаған. Шаһардағы 98 көпқабатты үйдің 57-сі Нұр-Сұлтан қаласының секторына тиесілі. Қазір бұл 9-аумақ өздеріне тиесілі шаруаны ширатып, жұмыстың 80 проценттен астамын аяқтады. 

Арыстағы 9-секторға жауапты Нұр-Сұлтандықтар 642 жеке тұрғын үй мен 57 көп қабатты үйді қайта қалпына келтіріп жатыр. Мұнда жергілікті  халықтың 60 пайызы яғни 10 мыңнан астамы тұрады. Ал 642 жеке үйдің 492-сі зақымданған. Жарылыстан жапа шеккен жандардың бірі Якуда Жақсыбаев отбасымен бір аптадан кейін өз баспанасына оралыпты. 7 бөлмелі жер үйде тұратын ол нұрсұлтандық құрылысшылардың 1 айда баспанасын қайта қалпына келтіргенін айтады.

Якуда Жақсыбаев, Арыс қаласының тұрғыны:

- Нұр-Сұлтаннан келген подрядчиктерге рахмет. 1 айдың ішінде төбесін жауып берді. Есік-терезесін салып берді. Мынау Құдай қаласа бала-шағамызбен жиналып, бір үйде отырып қазір қуанып отырмыз. Рахмет.

Ал Зүлфия Қанаева көп қабатты үйдің тұрғыны. Жарылыстан ол тұратын 3 бөлмелі пәтердің шаңырағы ортасына түскен. Қазір қиын күндер артта қалды. Еске алғымыз да келмейді дейді 4 баланың анасы.  Нұр-Сұлтан аумағында орналасқан Зүлфияның пәтеріндегі жұмыстар бір аптада толығымен аяқталған.

Зүлфия Қанаева, Арыс қаласының тұрғыны:

- Дуалдарымның барлығы жарылып кеткен еді. Мына Нұр-Сұлтан секторы істеп берді. Рахмет көп-көп. Бір аптадай болып қалды пәтерімнің ремонты бітіп кіріп жатқаныма. Алғысым шексіз.

Нұр-Сұлтан аумағы 98 гектарды алып жатыр. Әрі әскери гарнизонға да жақын орналасқан. Сондықтан жарылыстан зардап шеккен үйлер көп. Дегенмен, мұнда жұмыс мейлінше жылдам жүріп жатыр дейді жауаптылар.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірінші орынбасары:

- Нұр-Сұлтан мен Алматы облысында ескі үйлер көп те. Сол себепті Нұр-Сұлтан секторында 150-ден асып кетті жаңадан салатын үйлердің саны. Басқа секторларға қарағанда 1,5 -2 есе саны көбейіп кетті. Сол себептен олардың жұмыстары кішкене көңілге толмайтындай көрінеді. Ал олар бірақ жанын беріп жұмысты күні-түні жасап жатыр.

Мәтін: Қазір тоғызыншы аумақта 30 дан астам құрылыс компаниясы жұмыс атқарып жатса, сектордың жұмысын үйлестіруге 65 маман жұмылдырылған. Олар Нұр-Сұлтан аумағын 6 бөлікке бөліп, жұмысты жолға қойған. Аумаққа жауапты басшылар ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын 25 тамызға дейін толық аяқтаймыз деп отыр.

Төлеген Құлышев, Нұр-Сұлтан қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы:

- Көп пәтерлі тұрғын үйдің ішінде үшеуі сносқа кеткен. Қазір жұмыстар жүргізіліп жатыр. 117 жеке үй сносқа кеткен. Оның бәрін 15 ші сентябрге дейін бітіреміз. Қалғандары бізде жөндеу жұмыстары оны екі апта ішінде бітіреміз.

Мұнда құрылысшылар тәулік бойы еңбек етіп жатыр. Айтпақшы аумақта күніне жүк көліктерімен 50 рет қоқыс шығарылады. Қазір Арыс қаласында баспаналарды ретке келтіріп,  әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандардың ғимараттарын қайта қалпына келтіру шаралары жүргізіліп жатыр.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы