386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейде әскери техникалар басқа мақсатта пайдаланылмақ

  • 114
  • UPD: 13:46, 14.08.2019
Семейде әскери техникалар басқа мақсатта пайдаланылмақ

Семейде броньдалған техникалар жаңа мақсатта қолданылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді әскери танктер шаруашылықта, тіпті төтенше жағдайлар кезінде де пайдаланылмақ. Қайта жарақтандырылған машиналарды өңірдегі әскери бағыттағы көліктерді жөндейтін зауыт ұсынып отыр. Сонымен қатар кәсіпорын инженерлері жаңа динамикалық жаттығу қондырғыларын ойлап тапты. Мамандардың айтуынша, тың техниканың тиімділігі тек тәжірибеде ғана емес, моторесурсты да қысқартуға мүмкіндік береді.

Семейлік техник мамандар ойлап тапқан жаттығу қондырғысы шынайы жағдайға барынша жақындатылған. Енді әскерилерді оқыту тиімділігі арта түспек. Жаңа модуль арқылы механик-жүргізуші мен командирге БМП-2 техникасын кез келген мезгілде басқаруға үйретуге болады. Әскери дайындық басшысы заманауи туындыны барлық әскери кафедраларда қолданған жөн деп санайды.

Александр Коновалов, ҚР қорғаныс күштерінің ардагері:

– Жалпы әскери мамандарды дайындау, оларға техникалардың қыр-сырын үйрету қымбатқа түседі. Себебі бір сағат қозғалыстың өзіне мол мөлшерде дизель отыны жұмсалады. Ал мына жаңа техниканың өзіндік құны 3-4 есе арзан. Бұл тренажерлардың көмегімен біліктілігі жоғары әскери мамандарды даярлауға болады.

Броньдалған техниканы енді халық шаруашылығында да қолдануға болады. Қайта жаңғыртылған көлік бірден бірнеше қызметті қатар атқара алады. Мәселен, үш тоннаға дейінгі жүктерді көтеріп тасымалдау, өрт сөндіру сияқты мүмкіндіктерге ие.

Талғат Тұрлыбаев, зауыттың бас директоры:

– Жаңғырту аясында зауыт басшылығы броньдалған танктерді халық шаруашылығында пайдалану үшін конверсиялауды күшейтті. Мәселен мына броньдалған өрт сөндіру техникасын Арыстағы жарылыс кезінде пайдалану тиімді болар еді.

Т-72 техникасының базасында құрастырылған танктің бірі – броньдалған эвакуациялық жөндеу жүк тартқышы. Бұл бүлінген техникаларды шығаруға арналған.

Расул Тұрағұлов, бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары:

– Қолданыстан шыққан көліктерді қайта жарақтандырып, жүк тартқыш машиналарына айналдыра аламыз. Бұл инженерлік техникаларды тек әскери бағытта ғана емес, өзе де күш құрылымдарында пайдалануға болады.

Барлық машиналар экспорттық әлеуетке ие. Қазір зауыт басшылығы броньды техниканы жетілдіріп, ауқымын кеңейту бағытында еңбектеніп жатыр. Олардың тың инвестициялық жобаның жемісті боларына сенімдері мол.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Әсем Өтешова, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы