385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыдағы сел қаупі сейілді

  • 243
  • UPD: 23:21, 14.08.2019

Бүгін таң алагеуімнен жұртты дүрліктірген Алматыдағы сел қаупі сейілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір айдан бергі аптап ыстықтың салдарынан таудағы мұздықтар еріп, Қарғалы өзенінде су тасыған. Сел қаупі туралы шұғыл хабар таңғы сағат 06:00-де түскен.

Қарғалы өзеніндегі судың қарқын алуына себеп болған ең алдымен таудағы №1 көлдегі су деңгейінің 5 метрге төмендеуі. Таңертеңнен оқиға орнына қала әкімі Бақытжан Сағынтаев келіп, қажет жағдайда барлық шұғыл қызмет дайын тұрғанын айтты.

Сәбира Байбұлақова, қала тұрғыны:

- Бәрімізге «үйден шығыңыздар» деп хабарлады. Бәріміз далаға шығып, киім, құжаттарымызды алып жүгірдік. Одан кейін бәрі өтті енді. «Үйге қайтыңдар» деп жатыр. Үйге қайтып жатырмыз бәріміз.

Қарғалы өзенінің сағасы секундына 20 текше метр суды еркін жібере алады. Биыл жазда күн ыстық болғандықтан, мұздықтар еріп, су деңгейі көтерілген.

Алмас Садуақас, тілші:

- Осыдан 5 жыл бұрын дәл осы Қарғалы өзеніндегі су арнасынан тасып, тасқын болып, жүздеген үйдің ауласын су басқан еді. Ал бұл жолы ондай апаттың беті қайтқаны қуантады. Күндіз тасыған су бірте-бірте баяулап, саябырсып, су деңгейі 40-50 сантиметр төмендеді.

Дегенмен, сақтықта қорлық жоқ. Дабыл қағысымен төтеншеліктер дереу апаттың алдын алу жұмыстарына кірісті. Сел жүру қаупі бар деген ауылдарды газ, ауызсу мен электр жарығынан уақытша ажыратты. Үш эвакуациялық пункт белгіленді. Бірақ көп ұзамай ол пунктердің қажеті болмады. Өйткені көп ұзамай қалалық төтенше жағдай департаментінің өкілдері жағдайдың тұрақталғандығын хабарлады.

Ерлан Әлібеков, қалалық ТЖД бастығының орынбасары:

- Ешқандай қауіп жоқ. Судың шығыны қазіргі кезде 4,86 метр кубты құрап отыр. Бұл қазір Қарғалы платинасынан транзитті түрде өтіп жатыр. Сіздер білесіздер, 2015 жылы болған селдің себебі - Қарғалыдан төмен қарай өзеннің маңайы дұрыстап бекітілмеген болатын. Қазіргі кезде ол жұмыстар толығымен жасалды. Қарғалы платинасынан төмен қарай бетоннан арнайы канал салынған. Оның су өткізетін күштілігі 20 метр кубты құрайды.

Жалпы селдің алдын алу жұмыстары тоқтаусз жүргізіліп, таудағы көлдерде жиналған су уақытылы ағызылып тұрады. Ал №1 көлден бұған дейін 1,6 млн текше метр су шығарылған. Елдің қауіпсіздігі басты назарда. Сондықтан бұл аймақ қазір әуеден бақыланып, құтқарушылар, тәртіп сақшылары мен комуналдық қызмет өкілдері кезекшілік атқарады. Қажетті техника сақадай-сай. Ауласын су алып, зардап шеккен ешкім жоқ.

Авторлары: Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы