386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысындағы ауыл тұрғындары ауызсу бағасына алаңдаулы

  • 104
  • UPD: 20:40, 14.08.2019

Павлодар облысындағы Ертіс ауданында ауызсу қымбат, деп хабарлайды «Хабар 24».

Талай жыл тіршілік нәрінен тарыққан жұртқа мемлекет топтық құбыр тартып берген. Осыдан үш жыл бұрын. Қазір су келіп тұр. Бірақ текше метрі 300 теңгеден асады. Оны қалтасы көтермеген кей тұрғындар қайтадан кеңес дәуірінде салынған ескі станцияның қызметіне жүгіне бастаған

Беловод топтық су құбыры үш жыл бұрын іске қосылды. Суды өзеннен шелектеп тасып жүрген халық бұл оқиғаны 18 жыл күтті. Алдымен Ертіс ауылындағы 2300 аулаға су құбырлары тартылды. Осылайша, 8 мыңнан астам тұрғын қамтылды.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Беловод топтық су құбырының құрылысына мемлекет қыруар қаржы жұмсады. 2,7 млрд теңге. Бастапқыда бұл стратегиялық нысанның көмегімен Ертіс ауданының 13 елді мекенін таза сумен қамту көзделген. Десе де, қазіргі таңда бұл станцияның суын небары бес елді мекеннің халқы тұтынып ішеді.

Айта кетейік, бұл нысанның тәуліктік өндірістік қуаттылығы 5400 текше метрді құрайды. Ал қазіргі таңда бұл көлемнің небары 30%-і өндіріледі.

Ауданның мыңдаған тұрғыны жайлылықтың игілігін бір-ақ жыл көрді. Себебі, су қымбат. Бұл бағаны қалта көтермегендіктен, 60-жылдары салынған станция қайта іске қосылды. Әр аулаға жететін 1 текше метрдің құны - 125 теңге

Ертіс Сейітов, коммуналдық кәсіпорын директоры:

- 1,5 мың таза су резерв бар. Сағатына 300 куб тазаланып, беретін мүмкіншілігі бар. Ертіс ауылын 100% қамтып отыр. Беловод су құбырымен салыстырғанда біздің Ертіс ауызсуының айырмашылығы жоқ. Су сапасы бәрі бірдей.

Ақмарал Есімханова, тілші:

Бұл - 700 тұрғыны бар Северный ауылы. Топтық желіге қосылған елді мекендердің бірі. Бір ай бұрын тариф 381 теңгеден 300 теңгеге арзандапты. Судан тарыққан халық бұл бағаға да келісті.

Ал Қараағаш ауылының кәрі-жасы суды осылай тасып ішіп жүргеніне ширек ғасыр болыпты. Елді мекенде 73 түтін, 300-ге жуық тұрғын бар. Азаматтар іргедегі Ертістен қысы-жазы арбалап тасиды. Бұл күндер артта қалды. Жуықта бұл ауыл да Беловод желісіне қосылады.

Дәмелі Сасықбаева, көпбалалы ана:

- Бұрын қиын болды. Енді Құдайға шүкір, ауылға су келіп жатыр. Енді флягімен де тасыдық, жұмыста да болдық. Қиыншылық болды енді. Қазір заманымызға қарай жақсы. Ауылда су болады.

Субсидия мәселесі шешілмейінше, қалған ауылдар тіршілік нәрін өзеннен тасып іше бермек. Тұтынушы болмаса, стратегиялық нысанды күтіп ұстау шығынға батыруы әбден мүмкін.

Мырзажан Үсенов, «Казводхоз» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Бүгінгі күнге дейін Қаржы министрлігі бұл мәселені республикалық бюджеттік кеңестің қарауына берген жоқ. Себептер сан алуан. Біз мемлекеттік органдарға талай рет хат жаздық. Парламентке де мәселені жеткіздік. Дегенмен, мәселе ашық тұр. Күтуден басқа амал жоқ. Тариф субсидияланғанда текше метр судың бағасы 120 теңгеден сәл асады.

Бүгінде өңірде сумен қамту бойынша 52 жоба жүзеге асырылуда. Сәтін салса, 2020 жылға қарай аймақтағы 353 елді мекеннің 40%-і сумен қамтылады деп күтілуде. Облыста жыл соңына дейін Май ауданында тағы бір топтық су құбыры игілікке берілмек. Оған 15 ауыл қосылады. Бұл жерде де субсидиялау мәселесі туындамайтынына кім кепіл?

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы