386,66 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жоғарғы сот ауыл тұрғындары мен үлескерлер арасындағы жер дауына нүкте қойды

  • 84
  • UPD: 21:58, 14.08.2019

Атбасар ауданына қарасты Садовое ауылындағы жер дауы бітер емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар 4 жылдан бері соттың есігін тоздырып жүр. 2000 жылы осы ауыл тұрғындарының пай үлестерін бір компания 5 жылға жалға алған. Бірақ түк тындырмапты. Ол ол ма ауыл шаруашылығына арналған әлгі жер қолдан қолға өтіп кеткен. Дау осыдан шығып отыр. Қазір жерге таласқандардың ісі аудандық, облыстық соттан өтіп, Жоғарғы сотқа жетті.

Атбасар ауданындағы жер дауының шиеленіскені сонша, екі жақ бірнеше рет текетіреске барған. Жерін даулаған тұрғындар мен серіктестік соттасып жүргенде ауылдың күйі кетіп барады. Ауылдықтардың айтуынша, елді мекеннің айналасындағы жерді арам шөп басып, пайдаға аспай жатыр. Жер жалға берілген 19 жылдың ішінде картоп алқабы, алма бағы, бау-бақша шаруашылығы солаймен жойылып кеткен.

Лариса Керсанова, Садовое ауылының тұрғыны:

Мемлекет бізге пайдалануға берген жерді оларға жалға берген едік. Басында дивиденд төлейміз деді. Қазір небәрі 3350 теңге беріп отыр. Оған не алуға болады? Мал азығын өз бағасымен береміз деп уәде берген еді. Оның бірі де жоқ. Қымбат баға сатып отыр. Ауылдықтар қазір мал ұстамайды. Себебі, шөп қымбат. Сүтті қаладан сатып алып отырмыз.

Ләззат Әміралина, Садовое ауыл тұрғыны:

Басында тек 5 жылға жалға берген болатынбыз. Содан бері үлескерлердің жиналысы да жөнді өткен жоқ. Жерді алған компаниялардың барлық заңбұзушылығын көрдік. Тіпті үлескерлерге айтпай, жерді банкке кепілдікке салған кездер болды. Оны өзіміз жүріп шығарып алдық. Құжаттардың бәрі дұрыс болмай шықты. Ауылда қазір дым қалмады. База да, техника да жоқ. Осы жылдар ішінде 15 директор ауысты.

Осы жер дауына қатысты бірнеше рет сот болған. Мыңдаған гектар алқапты жалға алып отырған серіктестіктің жұмысына көңілі толмаған тұрғындар «жерімізді қайтарсын» деген талап қояды. Алайда, компания өкілдері «ауылдың дамуына үлесімізді қостық, сондықтан жерден оңайлықпен айырылмаймыз», - дейді. Тіпті үлескерлер өткізген жиналыста «заң бұзылды» деп сотқа жүгінген.

Серік Аманғалиев, адвокат:

Үлескерлер жиналыс өткізіп, шығу туралы шешім қабылдағанмен, шешуші дауыс кімнің үлесі көп соған тиесілі болады. Яғни, жиналыстың күн тәртібінде көтерілген мәселе бойынша сол тарап жеңіп шығады. Алайда, «Астана-фьюжн» өкілдері жиналысқа шақырылмаған. Барған адамның өзін кіргізбей қойған. Бұл жер дауында тұрғындар зардап шекпеуі керек. Бұл дау екі экономикалық топтың арасында жүріп жатыр.

Серіктестік өкілінің айтып тұрғыны, қазір ауылдықтардың көбі екінші бір серікстестікпен келісімге келіп, үлестерін соларға бермекші. Жоғарғы сотта өткен тыңдалымға ауылдың 70 тұрғыны келді. Екі тараптың арыз-шағымы тыңдалды. Жоғарғы сот серіктестіктің арызын кері қайтарды. Яғни, тұрғындардың талабы ескерілді.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Ғани Алшынбаев

Хабар 24 телеарнасы