Жамбыл облысына жаңа оқу жылында қажетті 1 миллион 300 данадан астам оқулықтың 92 проценті баспалардан жеткізілді.
Қазір кітаптар жергілікті мектептерге шетінен үлестіріліп жатыр. Бүгінде өңірдегі білім ошақтары 65 процент қамтылып отыр. Қалған бөлігі кезекке қарай 15 тамызға дейін аудан, ауылдарға жөнелтілмек. Биыл аймақта 4, 9 және 10 сынып оқушылары жаңартылған білім беру мазмұнына көшеді. Олар толықтай жаңа оқулықпен білім алады. Биылғы оқу жылының жаңалығы енді барлық кітаптардың электронды нұсқасы Білім және Ғылым министрлігінің ресми сайтында жарияланады. «Бұл оқулықтардың қол жетімділігін арттыра түседі» дейді мамандар.
Рахия Тұрмаханбетова, облыстық білім басқармасының басшысы:
- Бірінші қыркүйекке дейін осы оқулықтардың барлығының электронды нұсқасы орнатылады. Оқушылар, ата-аналардың барлығына қолжетімді болады. Планшеттеріне жүктеп алып, осы оқулықтарды пайдалана алады. Бұл «Жеңіл портфель» акциясы аясында. Тегін жүктелінеді.