386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавлда мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруы қиындап кетті

  • 83
  • UPD: 09:20, 16.08.2019

Петропавлда мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруы қиындап барады.

Басқа-басқа, әлеуметтік мекемелерге бас сұғудың өзі мұң.

Бірінде пандус жоқ. Бар дегендері талапқа сай келмейді. Мүгедектер арыз-шағым айтып талай жерге барған. Бірақ нәтиже жоқ.

Қазірет Есенов – жастайынан арбаға танылған жандардың бірі. Содан бері пандус аталатын баспалдақтың зардабын тартып келеді. Тіпті өз үйіне емін-еркін кіріп шыға алмайды. Көмек сұрап, талай табалдырықты тоздырған.

Қазірет Исенов, қала тұрғыны:

– Жалғыз өзім 40 минут дегенде далаға шығамын. Үсті-басым кірлейді. Оның үстіне арбамды жоғарыдан иетіріп жіберуім керек. Ал оның бағасы 100 мың теңгеден жоғары. Көмек сұрап тиісті органдарға бардым.

Шаһарда жарымжан жандардың әлеуметтік мекемелерге кіріп-шығуларына толыққанды жағдай жасалмаған. Мәселен облыстық әділет департаментіне қарасты халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары арбаға таңылғандарды ішке көтеріп кіргіземіз дейді.

Мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау ғимараттарында да дәл осындай көріністі байқауға болады.

Сәлімхан Сәбитов, қала тұрғыны:

– Бұл жерде басқа адамның көмегінсіз түсуге өте қиын.

Петропавлда әлеуметтік маңыздағы 317 нысан бар. Ал оның 64-і жалдамалы. Сондықтан бұл ғимараттарға пандус орнатылмайды, дейді жауапты мамандар.

Оралбек Жамалиев, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі:

– 244 нысанда тиісті жұмыстар жүргізілді. Жыл соңына дейін тағы тоғыз мекемеде пандус орнатылатын болады. Атқарылған істі арнайы комиссия қабылдап алады. Ал Қазірет Исеновтың мәселесін білеміз. Қазір тиісті құжаттар жиналып жатыр. Онда пандус демеушінің қаражатана салынатын болады. Жағдайды қалалық әкімдік жіті бақылауына алды.

Мұнымен қоса мүгедек жандар үшін қоғамдық көліктер де қолжетімсіз. Мәселен шаһардағы 300-ге жуық автобустың тек 12-де ғана пандус бар.  

Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы