386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде кәсіппен айналысқысы келетін мүгедек жандар қиындықтарға тап болуда

  • 100
  • UPD: 21:49, 15.08.2019

Ал Ақтөбеде кәсіппен айналысқысы келетін мүгедек жандар бірқатар қиындыққа тап болып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Іс бастап, еңбек етуге ниеттері болғанымен, бизнес негіздеріне үйрететін оқу курстары аз көрінеді. Бастысы жобаны қаржыландыру оңайға соқпай тұр. Өйткені мүмкіндігі шектеулі жандар үшін несие алуда жеңілдік жоқ екен.

Алдоңғар Махашев – жеке ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлердің бірі. Өндірістік жарақат алып, денсаулығына зақым келсе де үйде бос отыруды жөн көрмеген. Ата-анасы және қарындасының қолдауымен кәсіп бастап, көліктердің қосалқы бөлшектерін сатуды қолға алды. Үш жыл ішінде ішінде, шағын орнын екі есе кеңейтті. Енді май ауыстыру орталығын ашып, тағы бірнеше адамды жұмыспен қамтығысы келеді. Алайда, кездескен кедергілерден ол ойының іске асатынына күмәні бар.   

Алдоңғар Махашев, кәсіпкер:

– Мүгедек кәсіпкерлердің көбіне проблемасы несие жөнінде. Арнайы бағдарлама жоқ, сосын екінші мәселе, өзімнің сферамды кеңейткім келеді. Сол жағынан қиындықтар туады. Май алмастыратын орталық ашқым келеді. Сондықтан жылына ең болмағанда бір адамға жер берсе, жақсы болар еді.

Облыста 27 мыңға жуық әртүрлі топтағы мүгедек бар. Оның тек санаулысы ғана кәсіппен айналысады. Негізінен тігіншілік, етік жөндеу, көлік жуу және мал шаруашылығын қолға алғандар. Ал емделіп оңалтудан өткен соң, мүмкіндігіне орай іс бастағысы келетін жандар аз емес. Бірақ олардың бастамасын қолдап, арнайы бағыт бойынша жеңілдік беретін жол болмай тұр.

Гүлмирам Сражова, сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қорының атқарушы директоры:

– Кәсіп бастауда алғашқы жарнаны алудың қиындығы. Сәл оңайлау, егер ол мүгедек азамат бұрын еңбекке араласқан дені сау азамат болса, оның зейнетақы жинағы болса, ал егер бала жастан мүгедек азамат болса, немесе көп жылдан кейін еңбек жолына оралғысы келсе оған банктерден несие алу мүлде мүмкін емес. Ал талап барлық жерде бірдей.

Алайда жеке іспен айналысатын мүгедек жандардың мемлекет тарапынан берілетін гранттарды иеленуге мүмкіндігі бар. Қазірдің өзінде 3 млн теңгеге дейін қайтарымсыз қаражатты алуға кәсіпкерлерден өтініштер қабылданып жатыр. Бұл үшін бизнес жоспар, арнайы семинардан өткендігі туралы сертификат пен өзге де құжаттар қажет.

Гүлшат Берікәлиева, облыстық кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы:

– Осы конкурсқа қатысушылар арасында мүгедек кәсіпкерлерге бір жеңілдігі бар. Конкурсқа қатысқанда негізгі үш талап бойынша жобалар іріктеледі. Соның ішінде, мүгедектігі бар кәсіпкерлерге бизнес идеяның жаңашылдығы деген критерий қажет емес боп есептеледі. Ол дегенеміз не? Мүгедектігі бар кәсіпкерлердің бизнестің барлық түрі бойынша конкурсқа қатысу мүмкіндігі бар.

Биылға бөлінген гранттың жалпы көлемі 61 млн теңгеден асады. Бұған дейін осы конкурсқа қатысқан 5 бірдей мүмкіндігі шектеулі жан өз жобаларын қаржыландырған.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы