386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арбаға таңылған оралдық халықаралық сайыста жүлдегер атанды

  • 112
  • UPD: 21:49, 15.08.2019

Оралдық Қайрат Нұғыманов пара бишілер арасында ұйымдастырылған халықаралық сайыста жүлдегер атанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қиындыққа мойымай, түрлі сынақтан сүрінбей өткен жанның өмірлік ұстанымы да ерек.

Қайрат Нұғыманов арбаға бала жасында таңылыпты. Дегенмен өмірге құштар жан тағдыр сынына еш мойыған емес. Қайта, түрлі байқауларға белсене қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Колледжді бітірген соң халыққа қызмет көрсету орталығына бағдарламашы болып орналасты. Жұмысқа кешікпей жету үшін әуелі мына баспалдақтарды бағындыру керек. Қайрат үшін әр күнгі сынақ осы жерден басталады.

Орталықта жұмыс істеу оңай емес. Келушілердің көңілінен шығу өз алдына, қаптаған құжаттарды уақытылы өңдеу мамандардан асқан біліктілікті талап етеді. Бірақ кейіпкеріміз өз ісіне жауапкершілікпен қарайды. 

Қайрат Нұғыманов, пара бишілер сайысының жүлдегері:

– Көшеде жүріп-тұру маған қиын әрине, көмек сұрауға тура келеді. Ал жұмыс істеу кезінде өзгелерге пайдамды тигіземін. Түрлі сайыстарда қол жеткен табыстарым аз емес. Жоспарларым да жетерлік. Ешкімге салмақ салмай, өз отбасымды құрғым келеді. Мен өзімді бақытты жанмын деп есептеймін. Өйткені, айналамда жақындарым мен достарым бар. Олар ешқашан менен көмегін аяған емес. 

Бауыржан Сыржанов, халыққа қызмет көрсету орталығының маманы:

– Келген халықтың тілін тауып, өзіне берілген бөлімде жоғары деңгейде қызмет көрсетіп келеді. Ортада жұмыс жасай біледі, бізбен бірге қатар жүреді. Өзін мүмкіндігі шектеулі жан есебінде емес толыққанды қоғам мүшесі есебінде бізбен қатар жұмыс жасап келе жатыр.

Қайрат арбада отырып билеумен 2013 жылдан бері айналысып келеді. Киім тіктіру, арнайы арба сатып алу мен өзге де қажеттіліктердің қомақты қаржыны талап ететіні рас. Бірақ сүйікті ісін жалғастыруға олар еш кедергі бола алмайды. Есесіне, шеберлігіне дүйім ел тәнті болып жүр.

Оған жуырда ғана Финляндия мемлекетінде алған жүлдесі дәлел. «17 елдің өнерпазы қатысқан байқауда топ жардым. Бұл менің жетістіктерімнің бастауы ғана. Алда да көздеген арман-мұраттарым аз емес», – дейді ол.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы