386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында ауыз су құбырын ұрлау тыйылар емес

  • 107
  • UPD: 21:54, 15.08.2019

Қызылорда облысының Арал, Қазалы аудандарына ауыз су келетін қосалқы құбырлар ұрланып жатыр. 

65 елді мекеннің 130 мыңдай тұрғынын тәулік бойы тіршілік нәрімен қамтып отырған магистральды желінің қайта-қайта қолды болғанына тұрғындар да алаңдаулы.

Ен даланы бойлай, екі метрдей тереңдікке көмілген диаметрі мың милиметрлік мықты құбырларды қазып алу үшін ауыр техникалар да жұмылдырылады екен. Кезінде Елбасы іске қосқан «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырының ескі желісінің талан-таражға түсіп жатқаны тұрғындардың жанына батып отыр.

Шыңғыс Мәмбетжанов, Қосаман ауылының тұрғыны:

– Мемлекеттің меншігінен әзірге алынған жоқ. Әлі мемлекеттік меншікте тұр. Бұрынғы «ТНГ 1000», темірбетон құбырымызды қазып алып кетушілер көбейді. Темірбетон құбырды сындырып, ішіндегі қаңылтыры бар, соны өткізуге құмартушыларға әрі-бері тосқауыл жасап келе жатырмыз.

Бүйте берсе сусыз қаламыз ба деп алаңдаған тұрғындар мемлекет мүлкіне қол салуды қалай да тоқтатуды сұрайды. Ал аталған су құбырына тікелей жауапты «Арал» салынып жатқан кәсіпорындардың бірлескен дирекциясы филиалы мамандары бұл бассыздықтың 6 жылдан бері жалғасып келе жатқанын, содан бері 86 шақырым құбырдың қолды болғанын айтып отыр. 2013 жылы жаңа магистральды желі іске қосылған бойда, қосалқы көне құбырға қызығушылар көбейген.

Ислам Қаппаров, Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры бөлімшесінің басшысы:

– Біздің қызметкерлер үнемі осы құбыр бойын бақылауда ұстап отырмыз. Қай жерде қазылып жатса, соған келіп, ішкі істер органдарын шақырып, шара қолданамыз. Біздің қызметкерлер барған кезде қарсылық көрсетеді, үркіту, қорқыту деген болады.

Үркітіп-қорқытқандарына қарамастан, бірнеше күдіктіні полиция ұстап, ісі сотта қаралыпты. Бірақ қолданыстағы заң бойынша олардың жазасы айыппұлдан әрі аспайды екен.

Ерлан Ақпаев, «Арал» СКБД филиалының бөлім басшысы:

– Мынау жұмыстары бәрі тоқтатылсын деп соттың шешімі шығады, бірақ бүгінге дейін әлі қазу жұмыстары, ұрлау жұмыстары жүріп жатыр. Арал аудандық полиция органдарына да берілді. Адамдарын алып кетеді, бір-бір жарым күннен кейін босатады. Көне желі болғаннан кейін, аз құны болғаннан кейін, 10 айлықтық есептік көрсеткішке дейін іс қозғалмайды деп тек қана айыппұлмен құтылады.

Құбыр ұрлаушыларға қарсы күресте құзырлы органдар қатаңдық танытпаса, Үкіметтің жоспары бойынша 2023 жылға дейін халықты ауыз сумен 100 процент қамтамасыз ету үдесінен Сыр өңірі шығы алмай қалу мүмкін, дейді мамандар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамед Байділдаев

Хабар 24 телеарнасы