386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Теміртауда құрылысы өткен жылы аяқталуы тиіс мектеп биыл ашылмақ

  • 79
  • UPD: 23:09, 15.08.2019

Теміртаудағы құрылысы өткен жылы аяқталуы тиіс мектеп енді ғана ашылады.

Тендерге қатысқан компаниялардың өзара соттасуы мен жобалық-сметалық құжатта кеткен қателіктер құрылыстың кестеден кешігуіне себеп болған. Облыстық білім басқармасы оқу ордасы 1 қыркүйекте игілікке беріледі деп отыр. Алайда мектеп әлі коммуналдық меншікке де өтпеген.

Оқу жылының басталуына небәрі екі апта уақыт қалғанымен, мектепте дайындықтың нышаны да байқалмайды. Директор, қарбаласқан ұстаздар қауымы мұнда мүлде көрінбейді. Тек бірді-екілі құрылысшылар жүр. Тіпті әлі күнге білім ошағының атауы жоқ.

Гүлмира Қабдиева, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Құрылыс бөлімінде техникалық паспорт дайын болмаған соң, біз мектепті балансқа алып үлгермедік. Сондықтан әділет департаментіне тіркей алмай отырмыз. Осы аптада коммуналдық меншікке қабылдауымыз керек.

Құжат бойынша мектеп құрылысы 2017 жылдың жазында басталуы керек еді. Алайда мемлекеттік сатып алу байқауына қатысқан компаниялар өзара соттасып, тендер жеңімпазы тек қараша айында анықталған. Осылайша құны 1 миллиард теңгеден асатын құрылыс 2018 жылдың қаңтарында ғана қолға алынды.

Низами Гаджиев, Теміртау қаласы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Жобалау-сметалық құжатта кеткен қателіктер құрылысқа айтарлықтай кедергі келтірді. Оған өзгеріс енгізу үшін шетелдік автордың келісімі керек болды. Осылайша қаншама уақыт жоғалттық. Жұмыстың кеш аяқталғаны сондықтан.

Білім басқармасының мамандары 1 қыркүйекке дейін құжатты реттеп үлгереміз деп отыр. Дарынды балаларға арналған мектепке қазіргі уақытта 300 шәкірт қабылданып, оларға дәріс беретін 70 ұстаз жұмысқа алынған.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы