386,01 428,94 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тараздық мүмкіндігі шектеулі жандар пандустардың жағдайына наразы

  • 121
  • UPD: 23:11, 15.08.2019

Тараздағы инфрақұрылымның тек 40 проценті мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген.

Мүгедектер әсіресе пандустардың жағдайына наразы. Бірі тым биік, енді бірі тар етіп салынған. Пандусы мүлдем жоқ нысандар да жетерлік.

Биыл жыл басынан бері осындай талапты орындамаған бес ғимараттың иелері әкімшілік жауапқа тартылды. Білім ошақтары мен қоғамдық көліктердегі жағдай да көңіл көншітпейді.

Мына дәріханада 10 процент жеңілдік қарастырылған. Алайда бүгін Ержан Смаилов бұл мүмкіндікті пайдалана алмады. Арбаға таңылған азаматқа ғимаратқа кіру оңай соқпады. Өйткені қарапайым пандус жоқ.

Ержан Смаилов, қала тұрғыны:

– Мейлі шаштаразға барыңыз. Мейлі дәріханаға барыңыз. Кіріп-шығуымыз өте қиын. Ондай проблемалар айта берсең көп.

Пандустарға қатысты мәселе жеке кәсіпкерлік нысандарында ғана емес, проблема білім беру орындарында да бар. Мәселен, медициналық колледждің пандусы стандарт талаптарына сай келмейді. Ал кіре берісі мүмкіндігі шектеулілер үшін мүлдем ыңғайсыз.

Нұрбек Алтынбеков, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар  басқармасының бас маманы:

– Бейімдеу жұмыстары негізінен пандустарды қоюмен шектелуде. Көзі нашар көретін зағип жандарға арналған тактильді жолақтар орнатылмайды.

Жалпы облыста мыңнан астам әлеуметтік нысан бар. Оның 941-і мүгедектерге ыңғайластырылған. Биыл мамандар 34 ғимаратты тексерген көрінеді. 29-ның қожайындарына ескерту беріліп, 5 адамға 1 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған. Қоғамдық көліктердегі жағдайда да мәз емес. Қала ішінде қатынайтын автобустар арнайы қондырғылармен жарақтандырылмаған. Мүмкіндігі шектеулі жандар «көп жағдайда дәл осының салдарынан үйде отыруға мәжбүрміз» дейді. Бір жерге барып, шаруасын бітіру үшін инватакси қызметін шақыртады. Оның өзіне бірнеше күн бұрын тапсырыс беру қажет.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы