386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында президент тапсырған әлеуметтік мәселелер өз шешімін тапқан

  • 102
  • UPD: 09:29, 16.08.2019

Тұрғын үй құрылысын жандандыру, мектептердегі үш ауысымды оқыту жүйесін ретке келтіру және жол сапасын жақсарту.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жасаған іссапарында осындай тапсырма берген болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңір үшін аса маңызды мәселелерді шешу мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Алматы облысындағы тұрғын үйлерді әр адамға шаққанда 18 шаршы метрден келеді. Бұл республикалық көрсеткіштен төмен. Сондықтан Мемлекет басшысы Жетісу жеріне келгенде осы олқылықтың орнын толтыруды тапсырған болатын. Осыған орай өңірде мыңға жуық көп қабатты ғимарат салынатын 35 аймақ анықталды. Сонымен қатар биыл 800 шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілмек. Баспанамен қамту ісінде «Бақытты отбасы» бағдарламасы да өз тиімділігін көрсете бастады. Талдықорғандық Эльвира Тулақбаева мемлекеттік жобамен алғашқылардың бірі болып үй алды.

Эльвира Тулақбаева, Талдықорған қаласының тұрғыны:

- Өте қуаныштымыз осындай бағдарлама арқылы баспаналы болып отырмыз. Алғыс айтамын. Осындай бағдарлама болғаны жақсы болды.

Данияр Оразов, Талдықорған қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Облыс орталығында 250 адамға жолдама берілді. Соның 84-інің төлем қабілеттілігі расталды. Қалған 166 тұрғынның құжаттары банк тарапынан тексеріліп жатыр. Жалпы Талдықорған қаласында 10 млн теңгеден 189 азаматқа қаржы беру қарастырылған.

Алдағы оқу жылында өңірдегі 34 мектеп үш ауысымда жұмыс істейді. Бұндай жағдай оңтүстік аймақтағы оқушылар санының артуынан туындап отыр. Жүктемені азайту үшін 31 білім ордасын салу жоспарланған.

Дәурен Тұрғанбаев, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:

- 7 мектепті салу үшін қаржы бөлінді. Сонымен бірге 24 білім ордасының жобалық-сметалық құжаттары жасалып жатыр. 6 оқу ғимаратына қатысты мемлекеттік сараптаманың қорытындысы шықты. Қалған 18-і жыл соңына дейін дайындалып, Білім және ғылым министрлігіне ұсынылатын болады.

Президент тапсырған тағы бір маңызды мәселе - туристік нысандарға қатынайтын жолды жасау. Қазір өңірде осыған қатысты бірнеше ірі жоба жүзеге асып жатыр. «Талдықорған-Өскемен», «Үшарал-Достық» аралығында жаңадан автомагистраль салынуда. Сонымен бірге Балқаш көліне баратын және «Күрті-Бурылбайтал», «Ұзынағаш-Отар» бағыты мен Алматы айналма жолының құрылысы да қолға алынған.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, ҚуанышТүргенбаев

Хабар 24 телеарнасы