386,80 431,60 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлидің анасы ұлының УЕФА Суперкубогын табыстауға қатысардағы әсерімен бөлісті

  • 79
  • UPD: 10:22, 16.08.2019

Суперкубоктың ақтық ойыны «Ливерпуль» мен «Челси» арасында өткен болатын.

Әли осы ойынға арнайы шақырылған. Ол ол ма, 11 жастағы жерлесіміз жеңімпаз атанған «Ливерпуль» командасын салтанатты марапаттау рәсіміне қатысты. Команданың әр ойыншысы талапты баланы бауырына басып, тіпті капитандары Джордан Хендерсон ырымдап кубокты ұстатқан.

Аяқсыз дүниеге келген кішкентай Әлиді көпшілік біледі. Футболды сүйетін жеткіншек әлемдік жұлдыздардың біразымен кездесіп үлгерді. Неймармен футбол ойнады. Мохаммед Салахтың жаттығу ойынына қатысып, Мессимен суретке түсті. Марадонамен тілдесіп, «Алтын доп» иегері Андрей Шевченкомен жасыл алаңда доп тепті.

Спорт жанашыры Қайрат Боранбаев Әлидің сапарларына демеушілік жасап, мүмкіндігі шектеулі баланы барынша қолдап жүр. Ал УЕФА суперкубогы үшін өткен ойында ұйым басшысымен бірге қазақ баласының жүлдені табыстауы жанкүйерлерді кәдімгідей қуанатты. Ал Әлидің төбесі көкке жеткендей болды.

11 жасар Әли – көп балалы отбасының ортаншысы. Зерек, әркез күлімдеп жүретін сүйкімді балақайдың бір арманы мектепке бару еді. Баланың білім алуы және қалыпты ем қабылдауы үшін ата-анасы Талдықорғаннан елордаға қоныс аударған. Қазақстандықтар балаға арнайы протез жасату үшін қаржылай көмек көрсетті. Әли өткен жылы бас қаладағы мектептердің біріне барды.

Ақмарал Әміреева, Әлидің анасы:

– Мүмкіндігі шектеулі жандар мен ерекше балалар отырып қалмай, спортқа ұмтылса деймін. Ғажайыптар болады. Балам осы іс-шараға қатысарда қатты толқыдым. Көзіме жас келді. Әли өзі сияқты балаларға үлгі болса деймін.

Жер басып жүрер екі аяғы болмаса да, кішкентай Әли өз арманынан ешқашан бас тартқан емес. Баланың тілегін қамқоршы жандар естіді. Сөйтіп өзі сүйетін футболдың жарық жұлдыздарымен жүздесті. Армандар орындалады.

Авторы: Ақсәуле Байменшина

Хабар 24 телеарнасы