386,80 431,60 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар жұртшылығы мектеп стадионының сүрілуіне қарсы

  • 103
  • UPD: 14:42, 16.08.2019

Павлодар жұртшылығы қаладағы №39 мектептің стадионынан айырылып қаламыз ба деп алаңдаулы.

Қазір екі бірдей білім беру ошағына қарасты спорт нысанының жерін жекенің қолына беру мәселесі қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, №34 мектеп стадионының аумағында жатақхана бой көтерсе, тағы бір стадионның орнына көп қабатты үй салынбақ. Ал бұған тұрғындар түбегейлі қарсы.

Бұл шағын стадионның аумағы шамамен бір гектар. №39 мектептің жүздеген оқушысы спорт нысанының игілігін 33 жыл бойы көріп келеді. Енді бұл күндер артта қалуы мүмкін. Бұл учаскені жергілікті әкімдік жекеменшік компанияға жалға берген.

Гүлмира Сағитова, бастамашыл топ жетекшісі:

- Тұрғындың пікіріне құлақ асқандар жоқ. Мемлекеттік мекеменің табалдырығын тоздырдық. Сотқа да бердік. Қолымызда бұл стадион №39 мектептің иелігінде деген құжат бар. Ал жер қатынастары бөлімі аумақ иесіз деген ақпарат таратты. Біздің құқығымыз тапталып жатыр.

Жекеменшік компания бәссауда нәтижесінде жерді жалға алу құқығына ие болған. Алдағы уақытта 180 пәтерлі тоғыз қабатты баспана салу жоспарланған.

Бауыржан Айтбазаров, қала тұрғыны:

- Қазір әкімдік осы жерді арендаға беріп жатыр. «Атлант ПВ» деген фирмаға. Олар енді салайын деп жатыр. Неге әкімдік тек қана бизнесмендердің жақтарын ойлайды? Халықтың жағдайын ойламайды.

Салалық мекеме өкілдері стадиондарды күтіп-ұстау мектептерге ауыртпалық түсіреді деген пікірде.

Дінислам Болатханұлы, облыстық білім беру басқармасының басшысы:

Стадиондардың аумағы үлкен. Мектептерге оларды абаттандыру, жарықтандыру қиын. Орта білім беру объектілерінің мүмкіндіктері болмай жатады. Сондықтан жерлерді бизнеске беру оңды шешім деп ойлаймын.

Бұл төңіректегі мәселе осымен шектелмейді. Бүгінде мердігер компаниялардың бірі стадиондардың құрылысын уақытында аяқтамаған. Салдарынан төрт мектепті әбігерге салды.

Надежда Асылбекова, №2 мектептің директоры:

- Өкініше орай, салғырт мердігер кездесті. Құрылысты аяқтамай, жұмысты сапасыз атқарды. Енді басқа компанияның қызметіне жүгіндік. Осындай мердігерлерді мектептерге жолатпай, қара тізімге енгізу керек.

Қазірде тұрғындар мемлекеттік органдарға хат жазып, қол жинап үлгерген. Қарсылық акциясына 800-ден астам тұрғын үн қосты. Жергілікті билік назар аудармаса, тұрғындар орталық органдардың көмегіне жүгінбек.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы