386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыстың теміржол вокзалы толықтай жаңартылып жатыр

  • 202
  • UPD: 22:29, 16.08.2019

Арыстағы төтенше жағдайдан кейін 754 азаматтың құжаты қалпына келтірілген. Құжаттардың 453-і жеке куәлік болса, 301-і АХАЖ саласына қатысты қағаздар.

Жарылыс кезінде халыққа қызмет көрсету орталығы да зақымданған еді. Қазір қалыпты жұмыс істеп тұр. Жүз жылдан аса тарихы бар темір жол вокзалы да қалпына келтіріліп жатыр. Көне ғимарат өзінің бастапқыдағы сәулеттік ерекшеліктерін сақтап қалады.

Мүслима Рахымжанова – жеке кәсіпкер. Мейрамханасы мен жиһазы шығаратын цехы бар. Арыс қаласының тұрғыны кәсіпкерлерге облыс әкімідігі тарапынан 1 пайыздық жеңілдікпен 5 млн теңгеге дейін несие берілетінін естіп, құжат жинауға кіріскен. Зейнет жасындағы ананың бизнестің көзін тауып, кәсібін дөңгелетіп отырғандығы – көптеген жастарға сенім ұялатады. Халыққа қызмет көрсету орталығындағы жастардың барлығы Мүслима апайды таниды. Құжатын дайындап, көмектерін аямайды.

Мүслима Рахымжанова, кәсіпкер:

- Бұл жерде кезек болмайды тез-тез жіберіп жатыр. Мемлекетке, жергілікті әкімдікке рахмет. Мына ғимаратты қалыпқа келтірді. Қазір халықтың бәрі салқын жерде демалып отырып, қызметтерін алып жатыр. Мен кәсіпкер болғандықтан аптасына 2-3 рет келіп кетемін. Қазіргі күні Арыс қаласы өз орнына келіп жатыр.

Арыстағы жарылыс кезінде халыққа қызмет көрсету орталығының ғимараты да зақымданды. Қалпына келтірілгенше қызметкерлерге тұрғындарды далада отырып қабылдауға тура келген. Шілде айының өзінде орталықтың қызметіне 30 мыңға жуық адам жүгініпті.

Айдар Ысқақов, Арыс қалалық ХҚКО бөлім басшысы:

- Төтенше жағдайдан кейін осы Арыс қаласында көп тұрғындардың  техникалық төлқұжаттары болмауына жоғалып, өрттеніп кетуіне байланысты тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін баспананың техникалық құжаттары қажет. Қазіргі таңда біздің корпорация тарапынан осы азаматтардың тұрғын үйлерінің техникалық құжаттары тегін жасалып берілуде.

Арыстағы апаттан теміржол вокзалы да зақымданды. Іргетасы 1904 жылы қаланған көне ғимараттың іші-сырты толық жағыртылуда. Қалпына келтіру жұмыстарына осы саланы жетік білетін кәсіби мамандар мен тәуелсіз сарапшылар тартылған. Олар тарихи нысанның бастапқыдағы сәулеттік ерекшеліктерінің сақталуын қадағалайтын болады.

Қанат Тұяқбаев, «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директорының кеңесшісі:

- Біз бұл ғимараттың ішкі қабаттарының бастапқыдағы әрленуі қандай болды? Қандай бояу қолданылды бәрін алып, Алматыдағы мамандандырылған зертханаға жібердік. Еш жері ұмыт қалған жоқ. Ол жерде бізге мамандар барлығын зерттеп, анықтап береді. Бірақ ол ұзақ уақытты алады. Содан кейін мәдени ескерткіштерді сақтау, пайдалану, қорғау заңы аясында Мәдениет министрлігі мен жергілікті әкімшіліктің келісімімен барлығы басқапқыдай қалпына келтіріледі. Сондықтан тарихи-мәдени нысанды бұзып жатыр деп байбалам салудың қажеті жоқ.

Садуақас Ағытаев, тәуелсіз сарапшы:

- Уақыт деген нәрсе қысылтаяң болғандықтан қазір сыртын темірмен уақытша қаптап жатыр. Нысанның барлық бөлігі құжат бойынша суретке түсіріліп, альбом болып жасалып қойған. Кезкелген жерін ашып алып, ары қарай рестоврация жасауға толық мүмкіншілік бар. Сондықтан жұмыстың барлығы заң аясында жасалып жатыр деп айтуға болады.

Мамандардың айтуынша, вокзал бұған дейін төрт рет күрделі жөндеуден өткен. Қалпына келтіру кезінде құрылысшылар ғимараттың тарихи құндылықтарына ешқандай зиян келтірмеген. Тіпті төбесіндегі ағаштарына дейін сол қалпында сақталғанын айтады. Бір ғасырдан аса уақыт халыққа қызмет көрсетіп келе жатқан тарихи нысан жақында қайта ашылады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы