387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматылық дәрігерлер қарт науқастың туыстарын іздейді

  • 235
  • UPD: 09:12, 17.08.2019

Осыдан жеті ай бұрын инсульт алып ауруханаға түскен әйелдің қазір беті бері қараған, деп хабарлады «Хабар 24».

Бірақ науқастың ешқандай құжаттары, туған-туыстары табылмағандықтан оны үйіне шығару мүмкін болмай тұр. Ал азаматшаның өзі сөйлей алмайды. Тіпті жаза да алмайды.

Бұл кісіні наурыз айының басында медициналық жедел жәрдем көлігі көшеде жатқан жерінен қаладағы төртінші клиникалық ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер бірден жүрек қан тамыры ауруы деген диагноз қойып, жан сақтау бөліміне жатқызады.

Олжас Ысқақ, дәрігер-невропатолог:

– Науқасты қабылдаған кезде оның жеке басын анықтайтын ешқандай құжаты болған жоқ. Құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, бірнеше рет іздеу жұмыстарын жүргіздік. Бұқаралық ақпарат құралдарынан да айтылды. Бірақ осы күнге дейін науқас туралы немесе оның туыстары туралы ешқандай мәлімет жоқ.

Бұл әйел қазір ауруханада Оля деген есіммен танымал. Ол қалпына келе бастаған соң осы есімге ғана назар аудара бастаған. Жеті айдан кейін науқас дәрігерлердің көмегімен аяғына тұрып, қазір жағдайы біршама жақсарған. 

Азамат Абиров, оңалтушы маман:

– Бұл кісі мүлде қимылдамаған, тұра алмайтын. Қазір жұмысымыздың арқасында іс әрекеті мен қимылы жақсарды. Науқасымыз енді мүлдем жүріп тұрып кетті демейміз, бірақ көмек арқылы өзі тұра алады, тамақтана алады, отыра алады.

Дәрігерлер бүгін науқасты қаладағы бейімдеу орталығына ауыстырды. Түсірілім барысында азаматшаның еңкілдеп жылағанын да көрдік. Әлгі жастың аржағында көп нәрсе жатқанын байқау қиын емес еді. Мүмкін бұл жерден ауысқысы келмейтін шығар, мүмкін өз үйіне барғысы келетін болар? Бәлкім басқа да себептер бар. Бірақ айтып та жазып та жеткізе алмайды. Ендігі жерде бұл кісіге үлкен күтім қажет. Сондықтан дәрігерлер науқастың туыстары табылып қалар деп әлі де үміттенеді.    

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Алма Оразбаева, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы