386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Курортты ауданның іргесіндегі ауыл халқы жол азабын тартып отыр

  • 161
  • UPD: 18:41, 17.08.2019

Мәдениет ауылының тұрғындары бірнеше жылдан бері жол азабын тартып отыр, деп хабардайды «Хабар 24».

Ақмола облысының Бурабай ауданына қарасты бұл елді мекенге барар жолдың биылғы жағдайы тіпті қиындап кеткен. Себебі жолды жөндемек болған мекеме жұмысты бастамай жатып аяқсыз қалдырған. «Яғни әр жерде үйілген тас пен ойдым-ойдым ескі асфальтпен жүру мүмкін емес», - деп налиды халық.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Аты әдемі ауылдың адамдарын әбден азапқа салған жол, міне, осы. «Жалпы ұзындығы 30 шақырымға жетер-жетпес болса да, онымен Бурабайға жетудің өзі бір мұң», - дейді олар. Айтуларынша, қазіргі жағдай «тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айрылыптының» дәл өзі болып отыр. 

Қабдолла Әбдірахманов, Мәдениет ауылының тұрғыны:

- Міне, осындай быт-шыт болып жатқанына бір ай болды. Бір компания келеді де «істейміз» деп бәрін қопарып кетті. Бұрын кішкене жүріп тұратынбыз. Енді тіпті жүре алмай қалдық. Міне, Енді ертең мынау егінімізді мына жаққа апара алмайтын да жағдайымыз болып жатыр.

Ал ауылда 200-дей түтін бар. 600-ге жуық халық тұрады. Елді мекен тұрғындарының сөзінше, мұнда тіпті жедел жәрдемнің өзі келмейді екен.

Mәниға Сапатайқызы, Мәдениет ауылының тұрғыны:

Осы жолға қарайды да, жарты жолдан кетеді. Қыстың көзі қырау деген. Ауру-сырқаумыз кәрі. Міне, келіндеріміз отыр аяғы ауыр. Ертең соларды қалай апарамыз дәрігерге? Мынаған неше мың берсек те, такси де беттемейді. Сондықтан біздің сіздерден сұрайтынымызосы жол.

Ауыл халқы осы проблеманы айтып «бармаған жер, баспаған тауымыз қалмады», дейді. Бұл мәселе бірнеше рет республикалық телеарналардан да көрсетілсе, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде де көтеріліп жүр. Алайда, нәтиже жоқ.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Негізгі жол өте жаман болғандықтан, ауыл халқы осындай дала жолымен қалаға қарай жол тартуға мәжбүр. Біз де келер жолда сол негізгі жолмен келгенбіз. Енді оған жүрек дауаламайды. Біз де дала жолымен ары қарай сапарымызды жалғастырамыз.

Бірақ бұның өзі оңып тұрған жоқ. Оның үстіне жаңбыр жауса, бұл жолмен жүру мүмкін емес. Мәселенің мән-жайын аудандық әкімдіктен сұрап білдік. Айтуларынша, облыстық бюджеттен биыл аталған жолдың жартысына жуығын жөндеуге 300 млн теңге қаржы бөлініпті. Ол қаражаттың 30%-і сәуір айында бас мердігердің есепшотына да аударылған. Жұмыстардың уақытылы басталмауына және кестеге сай жүрмеуіне енді сол жауапсыз мекеме кінәлі. Ал жобалық-сметалық құжаттарда «Мәдениет-Зеленый Бор» тасжолының орташа жөндеу жұмыстары 2019-2020 жылдары жүргізіледі деп көрсетілген.

Достанбек Есжанов, Бурабай ауданы әкімінің орынбасары:

- Бас мердігер «Еңбек-Өскемен» мекемесі өздері жалдаған бірнеше компаниямен келісімшартқа отырмаған. Оларды құр сөзбен сендірген. Сондықтан олар жұмысты бастап, қайтадан тастап кетіп отырған. Кейіннен бас мердігер мекеменің директоры жұмыстан қуылды. Енді қазір оның орнына жаңа басшының келуін күтіп отырмыз. Директор тағайындалған соң жұмыс та ары қарай жүреді.

Жергілікті билік өкілдері «жол жөндеу жұмыстары алдағы аптада басталады» деп сендіріп отыр. Оның үстіне бұл жол Щучье-Бурабай курортты аймағын дамыту мемлекеттік бағдарламасына енеді екен. «Сондықтан ол,міндетті түрде жөнделеді», - дейді, жауаптылар.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы