386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшеді

  • 208
  • UPD: 10:51, 18.08.2019

Алдағы қыркүйек айынан бастап Қарағанды облысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшеді.

Осылайша мамандар қанатқақты жобаны сынақтан өткізіп, олқы тұстарын толықтырады. Себебі 2020 жылдың қаңтар айында жаңа жүйе жаппай еліміздің денсаулық сақтау саласына енгізіледі. Жобаны жүзеге асыруға неліктен Қарағанды өңірі таңдап алынды, жұрт жаңа жүйеге дайын ба?

Тура екі аптадан соң Қарағанды облысының емханалары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшеді. Жаңа жобаның қарашаға берер пайдасы қандай? Кедергісіз, сапалы ем алу үшін не істеу керек? Дәрігерлерден құралған арнайы топ қазір қаладағы халық көп шоғырланған жерлерге барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Айнұр Жұматаева, қалалық №5 емхана менеджері:

- Ең бірінші сұрақтары әрине, қанша жарна төлеу керек, зейнеткерлер қалай төлейді, көпбалалы аналар қалай төлейді? Сол жарнаны ай сайын төлеп тұрған соң бізге қандай қызметтер көрсетіледі? Қызметтер толықтай көрсетіле ма? Міне, осындай көптеген сұрақтар қойылады. Жалпы халықтың әсері жақсы. 

Бүгінде облыстағы емдеу мекемелерінің жұмысы толықтай сандық жүйеге көшкен. Сондықтан қанатқақты жобаны жүзеге асыруға Қарағанды өңірі таңдап алыныпты. Ол үшін қазынадан 2.3 миллиард теңге қаржы бөлінген.  

Евгений Щербов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы дағдарыс орталығының басшысы:

- Енді тұрғындарға емханаға барғанда құжат тасып жүрудің қажеті жоқ. Науқаста медициналық сақтандырудың бар-жоғын дәрігерлер электронды жүйе арқылы біліп отырады. Бұл абзал жандарды қағазбастылықтан арылтып, жұмыс сапасын арттырады. 

Әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын төлеуден мүгедек, зейнеткер, көпбалалы отбасы секілді 15 санатқа жататын азаматтар босатылады. Ал тұрақты жұмысы бар тұрғындар табысының 1 процентін қорға аударып отыруы тиіс. Өзін өзі жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер де бұған мүдделі болуы керек. 

Гамаль Тоқсамбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Себебі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеу арқылы дәрігерлік көмектің кез-келген түрін алуға болады. Енді тіпті МРТ, КТ секілді қымбат аппараттарда да кедергісіз тексеріле аласыз. Яғни салалық мамандардың қызметі меншік нысанына қарамастан қолжетімді болады. 

Тұрғындар қай емханада емделіп, қай дәрігерге көрінуді өздері таңдайды. Демек, кез келген емдеу мекемесі науқастардың сеніміне кіру үшін барын салады, яғни бәсекелестік артады. Жаңа жүйенің тағы бір пайдасы – қордағы қаржы есебінен дәрігерлердің біліктілігін арттырып, емханалардың материалдық базасы жақсартуға болады. 

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы