385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда қоқысты сұрыптау кешені іске қосылды

  • 180
  • UPD: 10:52, 18.08.2019

Атырауда тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау кешені іске қосылды. Жұмысын жуырда ғана бастаған кешенде әзірге қалдықтардың 7 түрі сұрыпталып жатыр.  

Мұнда қалдықтардан алынатын пайдалы заттар - қайталама полимер, пластик бөтелкелер макулатура, тоқыма-мата өнімдері, металл сынықтары, ағаш, шыны және сынған әйнектер екінші рет кәдеге жаратылатын болады. Ал жанбайтын органикалық фракциялар бұрынғыша қоқыс полигонында жойылады.  

Қоқыс сұрыптау кешені жеке инвесторлар есебінен салынып отыр. Мұндағы қондырғылардың өндірістік қуаты жылына 100 мың тонна  қатты қалдықтарды сұрыптауға мүмкіндік береді. Жаңа нысан іске қосылған алғашқы кезеңнің өзінде 35 адам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. Қазір кешенде күніне 140 тоннаға жуық қоқыс сұрыпталады.

Бақытгүл Ысықбаева, қоқыс сұрыптау кешенінің жетекшісі:

- Бірінші кабинада 4 адам тұрады олар қатты қалдықтарды сұрыптайды, себебі ол лентаға түскенде ары қарай залалын тигізбес үшін. Ары қарай үлкен кабинада 22 адам орналасқан. Ол жерде әрбір жәшіктің сыртында жазылған қоқыс қалдықтарын сұрыптауға. Таза целлофан, картон, шөлмек, пластмасса, сондай әртүрлі қоқыс қалдықтарын сол жерде тұрған адам өзінің жанында тұрған жәшікке салады.  

Қазір қаладағы қоқыс алаңдарының барлығына шыны, полиэтилен, тағы да басқа тұрмыстық қалдықарды бөлек жинайтын арнайы контейнерлер қойылған. Бұл қалдық сұрыптау жұмыстарын біршама жеңілдетеді.   

Ұзақ Тұсаев, коммуналдық кәсіпорын директорының орынбасары:

- Қазір Атырау қаласы бойынша біздерде 3445 контейнер орналастырылған. Ол яғни бізде 742 қоқыс алаңы орнатылған. Күнделікті бізде осы қала бойынша 250-300 тоннаға дейін мусор жиналып осы полигонға әкелінеді.  

Полигонға жыл сайын 90 мың тонна қалдық үсті-үстіне төгіліп жатыр. Облыс орталығындағы жалғыз қоқыс полигонының аумағы өткен 40 жылда 35 мың гектарға жеткен. Осы миллиондаған  тонна қоқыс қысы-жазы өртеніп көк түтінге оранса, жазда мүңкіген иісі қаланы алып кетеді. Ал қоқыс сұрыптау кешені осы экологиялық проблеманы кезең-кезеңімен шешу үшін салынып отыр. Өйткені қалдық сұрыптау кешені алдағы жылдары қоқыс өңдеу, дайын шикізат алу процесін іске қосып толыққанды зауытқа айналады. 

Авторлары: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұлтанғазы, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы