387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында көкөніс жинау науқаны басталды

  • 160
  • UPD: 22:13, 18.08.2019

Ертіс өңірі көкөніс жинауға кірісті.

Павлодар ауданы картоптан алғашқы өнім алды. Биылғы жаз ыстық болғанына қарамастан, шаруалардың өкпесі жоқ. Сәбіз жинау жұмыстары да қызу. 

Черноярка суармалы алқаптарында жұмыс қызу жүріп жатыр. Көкөнісшілер жаз бойы техникаларын қамдаған. Бұл шаруашылық осы жылы сәбіз жинауға алғаш рет комбайнды іске қосты.

Ботагөз Ілиясова, шаруа қожалығының басшысы:

– Комбайнды сатып алуға тура келді. Себебі күзде жұмыс күші қымбат. Тапшылық та болуы мүмкін. Қызған шақта азаматтардың бір күндік еңбегі 6-7 мың теңгеге бағаланады.

70 гектар құнарлы топырақтың басым бөлігі сәбізге тиесілі. Мамандар шығымдылығы мол сұрыптарға басымдық берген. Бүгінгі өнімділігі орташа деңгейде. Бір гектарынан 40 центнерге дейін көкөніс жиналады.

Арман Ақтаев, бас агроном:

– Сәбіздің дәмдік қасиеттері көңілден шығады. Тұтынушыларымыз осы сұрыпты қалайды. Бұл сәбізді еліміздің түкпір-түкпіріне тасымалдаймыз. Қазіргі уақытта Алматы нарығында саудалауға арналған өнімді жинап жатырмыз.

Сәбіздің бір келісі 65 теңгеден саудаланып жатыр. Өнім арзандап кетті, ал былтырғы жылғы баға жоғары, дейді шаруалар. Шығындар ақталу үшін еңбекшілер мемлекеттік субсидияға үміт артып отыр. Былтыр мемлекет тарапынан шығындардың 70 проценті өтелген.

Николай Надедов, ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы:

– Шаруалар субсидияларға үміт артып еді. Осы жылы белгісіз себептерге орай төленбеді. Жаз ыстық болғандықтан, тіршілік нәріне мол қаржы жұмсалды. Бүгінде судың тарифі бір текше метр үшін 12,50 төңірегінде.

Павлодар ауданы орақ науқанын бірінші болып бастады. Алдағы уақытта 7,5 мың гектардан өнім жиналмақ. Басым бөлігін картоп алқаптары алып жатыр. Қазіргі уақытта бір гектер жерден 250 центнер алынуда. Өзге аудандарға 280 центнерге дейін жетеді. Көкөніс науқанынан кейін диқандар бақша өнімдерін жинауға кіріседі.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы