387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысындағы шаруа қожалығында мал азығы ерекше тәсілмен дайындалады

  • 127
  • UPD: 09:42, 19.08.2019

Климаты құрғақ Маңғыстау облысында мал азығын өзгеше өсіретін  шағын кәсіпорын бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жеке шаруа қожалығында арпа дәні жеті күнде жетіліп, сол күйінде жылқыға беріледі. Құнарлы жем жеген биелер әр екі сағат сайын сауылады. Осылайша, фермер күніне 100 литр саумал қымыз алып отыр. Сауылған күйде сатылымға шығатын сусынды алуға өңір тұрғындары таңсәріден қала сыртындағы өндіріс орнына келеді.

Саумал сатылатын орынға көпшілік таңмен таласа келеді. Дені шипалы сусынды ағза иммунитетін күшейту үшін енді бірі созылмалы асқазан сырқатынан емделу мақсатында ішеді. 29 жастағы Ғани гастрит дертіне шалдыққан соң операцияға келісім берген. Күрделі емдік шарадан кейін 10 келі салмақ жоғалтыпты. Қазір жағдайы жақсы. Таңмен сауылған қымызды ішіп жүргеніне екі айдан асыпты.

Ғани Ғымранов, қала тұрғыны:

- Сағат 07:30 шамасында келемін осы жаққа. Асқазаным ауырады. Ауруханаға қаралғанда гастрит деп айтты. Сол үшін ем болсын деп ішемін. Жалпы бие сүті ем екенін білемін. Дәріге қарағанда табиғи ем алған жақсы деп ойлаймын.

Шағын кәсіпорындағы жұмыстың 90%-і автоматты түрде атқарылады. Он жұмысшы сауылатын жылқыларға жем-шөбін уақытында салып, қораны тазалап тұрады. Тағы үш маман топырақсыз шөп өсіру жұмыстарына жауапты. Арпа дәні бір тәулік суда ұсталып, пластик қораптарға салынады. Олар жылы әрі қараңғы кешенде жеті күн тұрған соң жас өскіндер жетіліп шығады.

Азат Мәбиев, жұмысшы:

- 1 килограмм салсақ, бір аптадан кейін жоқ дегенде 5-7 килограмнан жоғары салмақ береді. Өсіп шығады. Бұл жерде жұмыс істеп жатқаныма бір жылдың көлемі болып қалды. Жұмыс өзіме ұнайды. Айлығым 150 мың, мында жататын орын-тамағы тегін.

Іші тымырсық қараңғы кешенде екі жүзден астам пластик қорап сақталады. Өскіндерге ылғал тамшылатып беріледі. Фермер бір қораптан жеті келіге жуық жас шөп алынатынын айтып отыр. Осылайша, өңірге баламасы жоқ тәсілмен күніне екі тонна мал азығы дайындалады.

Дәурен Сыдықов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Сынақ түріндегі жұмыстар биыл басталды. Бірден оң нәтиже бергеніне қуанып жатырмыз. Мынадай жасыл өскіндер топырақсыз жеті күнде жетіліп шығады. Биелер құнарлы шөп жеген соң шипалы сусынды мол береді. Қазір мұнда 30 бас сауын жылқы бар. Келешекте олардың санын жүзге жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Жеке инвестициямен жүзеге асқан жобаға өңір кәсіпкерлері қызығушылық танытып отыр. Жаңа тәсілді үйреніп, осы тектес өндіріс орындарын ашуға ниетті. Бұл тұрғыдан фермер білгенімен бөлісуге дайын.

Айта кетейік, ол іске қосқан кәсіпорын биыл облыстық байқаудың «Үздік ауыл шаруашылығы тауарлары» аталымына лайық деп танылды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

 

Хабар 24 телеарнасы