386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жоғалған альпинистерді іздеп табу уақытты қажет етеді – ҚР СІМ

  • 154
  • UPD: 19:52, 19.08.2019

Тянь-Шань тауына аттанған қазақстандық альпинистер оралмай жатыр. Олар шыңға жетуін жеткенімен қайта түсе алмай қалған. Бір азамат көз жұмғаны белгілі. Қалған екі альпинистен хабар жоқ. Оларды іздеуге күн райы мұрша бермей тұр. 

Тамыздың төрті күні «Аксай Тревел» туристік компаниясы Тянь-Шань тауының Жеңіс шыңына сапар ұйымдастырады. Биіктікті бағындыру үшін қазақстандық үш альпинист көк тіреген тауға аттанады. Содан қазақстандық азаматтар тамыздың он төрті күні шыңға жеткен. Дәл осы күні ауа райы күрт бұзылады. Альпинистер базамен соңғы рет он бесінші тамызда таңғы сағат 8:15-те байланысыпты. Сол кезде үш жігіттің бірі Александр Чечулиннің өкпесі қабынып, қаза тапқаны жеткізілген. Арада бес күн өтті. Тауда қалып қойған Мұрат Өтебаев пен Андрей Корнеевтен хабар жоқ. Тауда қалып қойған альпинстерді іздеу жұмыстары әлі басталмады. Ауа-райы қолайсыз болып тұр. Бұл туралы төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахмет мәлім етті. 

Нұрсұлтан Нұрахмет, ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі:

- Қазақстандық альпинистерді құтқару операциясы ауа райы жақсарғаннан кейін басталады. Қазіргі уақытта Іле Алатауының төменгі баурайында жаңбыр жауып, биік беткейлеріне қар түсіп жатыр. Сонымен қатар бірлескен іздеу жұмыстарын жүргізу үшін қырғыз альпинистері де дайын тұр.

Ресми өкілдің айтуынша, бір топ жоғары білікті қазақстандық альпинист әріптестерін құтқару үшін Хан Тәңірі шыңынан төмен орналасқан «Қарқара» базалық лагеріне жеткізілген. Сол жерден олар «Қазавиақұтқарудың» МИ-171 тікұшағымен шекарадан өтіп, Қырғызстанның Ыстықкөл аймағындағы Қаракөл қаласына аттанады. Қазақстан әскерилері Қырғызстанда бір топ альпинистің жоғалып кетуіне байланысты құтқару операциясын ұйымдастырады.

Василий Пивцов, құтқару операциясының жетекшісі:

- Қазіргі кезде біздің топ 2200 биіктікте орналасқан Қарқара базасына келді. Ауа-райы қолайсыз. Жақсарғанын күтеміз. Ертең таудың етегін аралап, ұшып шығамыз. Арнайы құрлғының көмегімен тірі адамдарды және Александр Чечулиннің іздестіреміз. Біздің келесі іс-қимылымыз ұшу операциясынан кейін белгілі болады.

Жоғалған альпинистер соңғы рет 6500 метр биіктіктен байланысқа шыққан. Альпинистерді тепловизордың көмегімен Абалаков бағыты бойынша іздеу жоспарланып отыр.

Сергей Беляков, альпинистерді жаттықтырушы:

- Жеңіс шыңынан төмен қарай түсу өте қиын. Қысқа жол жоқ. Сондықтан осындай келеңсіз жағдай болып тұр. Альпинистердің техникалық, физикалық мүмкіндігі төмен. Бірнеше күннен бері тауда жатыр. Күштерін жоғалтты. Сондықтан уақыт оздырмай іздестірген дұрыс. Қар көшкіні де болуы мүмкін. 

Альпинистеріміз Тянь-Шань тауының Қырғызстан жағында қалып қойған. Сондықтан азаматтарымызды құтқару жұмыстарына сыртқы істер министрлігінің өкілдері де жұмылып отыр.

Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі: 

- Таудың беткейі өте үлкен. Іздеу үшін біршама уақыт қажет. Қазір кей жерінде қар да борап тұр. Көшкін де болуы ықтимал. Сондықтан ертең құтқарушылар іздеу жұмыстарын бастамақ. Әзірге жоғалғандардан хабар жоқ. 

Авторы: Қорған Төреқожа

Хабар 24 телеарнасы