387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысындағы Малайсары ауылы 90 жылдық мерейтойын атап өтті

  • 194
  • UPD: 22:46, 19.08.2019

Әйгілі қазақ батыры әрі биі Малайсары батырдың туғанына 320 жыл. Тұлғаның есімі қазақ-жоңғар шапқыншылығы кезінде батыл дипломатиялық шешімдерімен тарихта қалған.

Ол қалмақ-қазақ соғысын тоқтатып, екі хандық арасында бейбіт бітім жасау саясатын ұсынды. Батырдың туған жері Павлодар облысының Май ауданы. Бүгінде өңірде ата-бабамыздың есімі елді мекенге берілген. Биыл Малайсары ауылы 90 жылдық мерейтойын атап өтті.

Бұрынғы Киров совхозы, бүгінгі Малайсары ауылы Май ауданындағы ірі елді мекендердің бірі. 90 жыл бұран бұл жерге Орталық Қазақстаннан қойшылар келіп, мал шаруашылығы дамытты. Ауыл осылай пайда болды. 

Балтабай Жетібаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- 1929 жылы біздің аталарымыз, әке-шешелеріміз сонау Қарағанды облысы Қарқаралы ауданынан 40 мың қой, биязы жүнді қойды айдап әкелгендерді бірі. Біз солардың ұрпағымыз. Сол кісілер ыстыққа күйіп, суыққа тоңып, осы жерде мал шаруашылығымен еңбек етті.

Малайсары ауылының құрылу тарихы театрландырылған қойылымда паш етілді. Бұл 30 жыл бұрын сиыр суу бойынша рекордтық көрсеткішке ие болған суаншылар. Ал бұл өткен ғасырдың 90-шы жылдары астық жинаған «Нива» комбайны. Жұртшылық бұл жылдарды жылулықпен еске алды. Бүгінгі күні де Малайсары - ынтамағы жарасқан, еңбекқор халқы бар ауыл.

Марат Ақтаев, Май ауданының әкімі:

- Қиын жағдайдағы азаматтарға, «Мектепке жол», бағдарламаларға, осы істерге белсенді қосылып жатқанын өзіміз көріп отырмыз. Ол дегеніңіз енді халықтың сана сезімі оянып, өзгеріп келе жатыр деген сөз. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының нақты мақсаты осы деп білеміз.

Малайсары ауылының мерейтойы жанашыр азаматтардың басын қосты. Олар жерлестеріне тарту жасап, елді мекеннің кіреберісінде стелла салып берді. 

Саян Бектұрғанов, Малайсары ауылының тумасы:

- 90 жылдыққа арнайық деп, өзіміз, бірге оқыған жолдастар, класстастар, түгеліміз қосылып жасадық. Былай қарағанда, жастарға үлгі болсын, ертең жастар өсіп келе жатыр, осы, міне балалар, соларға үлгі болсын. Ертең ескерткіш болсын, сол оймен салдық.

Малайсары мал шаруашылығы дамыған ауылдардың қатарында. 50-ден астам шаруашылық мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, ауылды өркендетуге атсалысуда. Ең бастысы, Малайсары батырдың жасаған ерлігін мақтан етіп, келер ұрпақты ата-баба рухында тәрбиелеуде. Бүгінгі күні  облыс орталығында аты аңызға айналған қаһарманның еңселі ескерткіші менмұндалап тұр.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы