386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысындағы балалар лагерін арнайы комиссия тексерді

  • 133
  • UPD: 23:01, 19.08.2019

Қарағандылық қоғам белсендісі Нияз Сүндетәлиевтің әлеуметтік желідегі сыни жазбасынан соң «Солнышко» жазғы лагеріне арнайы комиссия барып, тексеріс жүргізді.

Нияздың айтуынша, мұндағы балалар адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатыр екен. Ал мамандар қандай қорытындыға келді. 

Нияз Сүндетәлиев күні кеше еріктілермен бірге «Солнышко» жазғы лагеріне барып, балалармен кездесу өткізген. Айтуынша, ондағы жағдай сын көтермейді. Бәрі тозған, санитарлық талапқа сай емес. Қоғам белсендісі бұл пікірін фотосуреттермен бірге әлеуметтік желіге жариялап, жауапты тұлғалардан араша сұрайды.  

Нияз Сүндетәлиев, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Лагерь ауласындағы жолдың әбден тоз-тозы шыққан, жүруге келмейді. Балалар асфальт үстінде волейбол, баскетбол ойнап жүр. Ең сорақысы, жуған киімдерін ағашқа жағалай іліп тастаған. Бір сөзбен айтсақ, мұнда демалып жатқан балаларға ешқандай жағдай жасалмаған.

Нияздың бұл жазбасынан соң дереу комиссия құрылып, аталған лагерьге тексеріс жүргізілді. Олардың айтуынша, барлығы санитарлық талапқа сай. Жазбадағы көп жағдай шындыққа жанаспайды дейді мамандар.   

Раиса Шер, ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі:

- Біз білім және ғылым министрінің тапсырмасы бойынша лагерді мұқият тексеріп шықтық. Балалармен тілдестік. Барлық бөлмелері таза, талапқа сай. Көрпе-жастығы бар. Ыстық, суық су келіп тұр, дәретханасы іште. Қолқаны қабатын иісті де сезбедік. Киімдерді бала күтушілері жуады екен.

 «Солнышко» жазғы лагері 2004 жылдан бастап Майқұдықтағы балалар үйінің балансында. Осыдан 8 жыл бұрын 80 миллион теңге бөлініп, бұл жерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алайда соңғы 4 жыл бойы болған көктемгі тасқын кезінде ғимараттар су астында қалып қойған. Бірақ кейін өз күштерімен қалыпқа келтіріпті.   

Жанар Сыздықова, балалар үйінің директоры:

- Демеушілер тарапынан қосымша ақша бөлініп, біз оған құрылыс материалдарын сатып алып, қысқа мерзімде шамамыз келгенінше өз күшімізбен жөндеу жұмыстарын жасадық. Себебі тасқынның салдарынан ғимараттардың қабырғасы бүлініп, шатырынан су кетті. Бұл жерде біз жаздың екі айында ғана боламыз, қыс бойы ғимараттар бос тұрады. Соған қарамастан біз балалардың жақсы демалуына барлық жағдайды жасап отырмыз.

Білім басқармасы басшысының айтуынша, келер жылдан бастап бұл лагерь жабылады. Сондықтан қазынадан қыруар қаражат шығарып, жөндеу жүргізу еш қисынсыз дейді ол. 

Есенғазы Иманғалиев, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Биыл осы лагерь ақырғы жыл қолданысқа кіріп отыр. Баланың саны азаюына байланысты біз бұл лагерьден ендігі жылы бас тартып отырмыз. Бұл жерге сондықтан қомақты соманы, капиталды затратты атқарған жоқпыз.

Білім басқармасының баспасөз қызметі жазғы лагердің директоры жұмыстан босатылғанын мәлімдеді. Айта кету керек, биыл Қарағанды облысында 12 балалар лагері ашылған, оның 7-уі мемлекеттік.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы