385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 23 жоба жүзеге асырылуда

  • 223
  • UPD: 09:33, 20.08.2019

Батыс Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 23 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға меценаттар 549 миллион теңге қаржы бағыттаған. Бұл қаржының басым бөлігі әлеуметтік нысандардың құрылысына жұмсалыпты. Демеушілердің қолдауымен өңірде көп балалы отбасыларды баспанамен қамту мәселесі де оң шешімін таба бастады.

Ақпәтерлік бүлдіршіндердің жаз қызығын ойдағыдай өткізуіне барлық жағдай бар. Әсіресе, жуырда ғана ашылған ойын алаңының олар үшін жөні бөлек. Ауыл кәсіпкері бұл игілікті іске 1 миллион теңге қаржысын жұмсапты. 

Ақзия Жақыпова, ауыл тұрғыны:

– Балалар алаңының ашылуы – ата-аналар үшін үлкен қуаныш. Балаларымыз таңертеңнен бері осы жерге жиналып, мәре сәре болып жатады.

Нұрхат Булаев, Ақпәтер ауылының әкімі:

– Көптеген игі іс ауылда атқарылуда. Атап айтатын болсақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жаңадан музей салынып жатыр. Жалпы ауылымыз жылдан жылға көркейіп гүлденуде. Ауыл халқы өте ұйымшыл.

Бірлігі жарасты ауылда демографиялық дүмпу байқалады. Жыл басынан бері Ақпәтерде 20 шақты сәби дүние есігін ашқан. Жүкті әйелдердің жағдайы ауылдағы ақ халаттылардың жіті назарында. Жас аналар мен нәрестелерге профилактикалық ем-шаралар осы су жаңа ғимаратта жасалады. Басы ауырып, балтыры сыздаған ауыл тұрғындары да осы жерге келіп қаралады.

Қыдыр Харесұлы, ауыл тұрғыны:

– Кәсіпкерлердің қолдауымен спорт алаңдары салынды. Сәбилердің көп болуына байланысты балабақша салынса деген ұсыныс бар бізде. Қоғамдық монша да керек.

Округке қарасты 24 шаруа қожалығы ауылдастарының әл-ауқатын арттыруға үлестерін қосып жүр. Бірі әлеуметтік нысан салып берсе, енді бірі қысқы мал азығын қамдауға жәрдемдеседі. Жомарт жүректі жандар руханият мәселесін де назардан тыс қалдырған емес. Көп кешікпей, ауылда өлке тарихынан сыр шертетін ашық аспан астындағы музей пайдалануға беріледі.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы