386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстаулық қолөнер шеберлеріне орталық қажет

  • 207
  • UPD: 10:40, 20.08.2019

Маңғыстау облысындағы іскер әйелдер кеңесі «Аңыз-тұлға» жобасын екінші жыл жүзеге асырып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мақсат – он саусағынан өнер тамған зейнеткерлерді көпшілікке таныстыру, білгенімен бөлісуіне жағдай жасау. Осы арқылы генетикалық кодты өскелең ұрпаққа дәріптеу. Бүгінде аймақта есімі ісмерлікпен танылған төрт әжей бар. Әрқайсысы жұмыссыз қыз-келіншекке шеберлік сабағын өткізіп, ұлттық кәсіпке ақысыз баулып жүр.

Маңғыстау облысындағы іскер әйелдер кеңесі «Аңыз-тұлға» жобасын екінші жыл жүзеге асырып келеді. Мақсат – он саусағынан өнер тамған зейнеткерлерді көпшілікке таныстыру, білгенімен бөлісуіне жағдай жасау. Осы арқылы генетикалық кодты өскелең ұрпаққа дәріптеу. Бүгінде аймаққа есімі ісмерлікпен танылған төрт әжей бар. Әрқайсысы жұмыссыз қыз-келіншекке шеберлік сабағын өткізіп, анадан қызға жалғасатын ұлттық кәсіпке ақысыз баулып жүр.

Медина Орынбасарқызын ағаш үйі бар жан жақсы таниды. Өйткені көпшілік Таушық ауылына арнайы барып, тапсырыс береді. Ісмер әжей жасаған киіз үйлер түрлі байқауда топ жарды. Үздік жұмысының бірі ұлттық мұражайдың төрінде тұр. Жетпістегі қария аспабау, басқұр мен желбауды жарты жылда жасап тастайды. Қолөнер шеберінің өзгеден ерекшелігі, екі өрнекті қатар тоқуында.   

Бір айлық тегін курста қыз-келіншек өз бетімен көйлек, құрақ көрпе тігуді үйреніп алады. Дәрісте өңірге белгілі қолөнер шебері Әуес Сағынаева өткізеді. Ерекше көзге түскені курс соңында қызметке алынып, ұстазының ісін жалғайды. Қалғаны назардан тыс қалмайды. Қалада жұмыс тауып не туған ауылында кәсіп бастауына жағдай жасалады.

Әуес Сағынаева, ісмер:

– Жалпы тігін өнерінің қыр-сырын меңгеріп шықты. Өз киімдерін тігіп алатын дәрежеге жетті деп айтуға болады. Тігінші сұраған жерлерге жіберуге тырысып жатырмыз. Бір айдан бері 30 жұмыссыз қыз-келіншекті тігін өнеріне үйретіп жатырмын. Барлығы да жақсы.

Маңғыстаулық шеберлер Ақкүміс Қоспаева мен Қалекеш Жүсіповалар да ұмыт бола бастаған ұлттық қолөнерді қайта жаңғыртып жүр. Әрқайсы өз үйінде тоқу ісіне ынтасы бар тұрғынды жинап, шекпен пішу мен текемет-сырмақ тоқуға баулып келеді. Бұл көрініс аты аңызға айналған тұлғалардың шәкірт тәрбиелеуі үшін дербес орталық қажеттігін аңғартады. Аймақтағы іскер әйелдер кеңесі осы мәселені шешуге жұмыстанып жатыр.

Сәуле Салихова, өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы:

– Жыл басында әкімдіктен қолөнер шеберлері үшін орын табу қажеттігі туралы тапсырма берілді. Көп ұзамай, ақтаулық кәсіпкерге тиесілі ғимараттың бар екені айтылды. Нысанды қолөнер шеберлері қауымдастығының жетекшісі Әуес Сағынаевамен бірге барып көрдік. Көңілімізден шықты. Алайда әлі күнге дейін бұл сұрақ жауапсыз күйінде қалып отыр. 

Ұлттық өнердің жанашырлары жуырда батыс аймақтардың іскер әйелдері шақырылатын форум өткізбекші. Жиынға маңғыстаулық қолөнер шеберлері қатысады. Шара аясында әр ісмер жасаған бұйымдар көрмеге қойылып, жасау әдістері айтылады. Бастысы, бұл форумда әзірге шешімін таппаған мәселе көтеріліп, оны шешу амалдары талқыға түседі. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы