387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық астрофизиктер ғарыштағы гамма құбылыстарын енді оңай бақылай алады

  • 176
Қазақстандық астрофизиктер ғарыштағы гамма құбылыстарын енді оңай бақылай алады

Отандық астрофизиктер ғарыштағы гамма құбылыстарды енді оңай бақылай алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл обсерваторияға орнатылған жаңа оптикалық кешеннің арқасында мүмкін болып отыр.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

– Біз қазір теңіз деңгейінен 2750 метр биіктікте орналасқан Асы Түрген обсерваториясында тұрмыз. Ғарыш ғаламаттарын зерттеумен айналысатын орталықтың базасы жақында жаңа оптикалық кешенмен толықты. Бар болғаны диаметрі 70 сантиметрлік ғажайып құрылғы ғарыштағы лездік құбылыстарды тез арада тіркеуге мүмкіндік береді.

Қазіргі заманғы астрофизика ғылымында жылдамдық өте қажет, - дейді мамандар. Себебі ғарышта болып жатқан кейбір құбылыстарды жерде зерттеу мүмкін емес. Небәрі 8 секундта ғарыш құбылыстарын түсіріп үлгеретін жаңа қондырғының дәл осы Асы Түрген обсерваториясына орналастырылуы да тегін емес. 

Асылхан Бибосынов, В.Г.Фесенков атындағы астрофизикалық институт директоры:

– Бұл жерде астроклимат деген термин бар, өте жақсы, оның ішіне ауа райы кіреді және орташа жылына есептегенде ашық түндер саны кіреді, соның бәрі ескере келе, атмосфераның турбаленттігі, шаңның басылуы соның бәрін ескере отырып, астроклиматтық критерийге келсек, осы жер ең ыңғайлы.

Бір түнде 200 галактиканы түсіруге мүмкіндік беретін телескоптың мәліметтеріне шетелдік ғалымдардың да қызығушылығы үлкен. Жаңа құрылғыны Фесенков атындағы астрофизикалық институт, Назарбаев университеті мен Калифорния университеті бірлесіп орнатқан. Асы Түрген обсерваториясы аумағында бұдан басқа 3 телескоп бар. Мәселен 57 тонналық мына телескоптың диаметрі 1,5 метр. Бұл Қазақстандағы ең үлкен ғарышты зерттеу құрылғысы. Оның көмегімен қазіргі уақытта Германия ғалымдарымен экзопланеталарды іздеу жобасы жүзеге асырылуда.

Максим Кругов, В.Г.Фесенков атындағы астрофизикалық институттың инженері:

– Екі телескоптың қызметі де, мүмкіндігі де әртүрлі. Алайда бұл құрылғылардан алынған мәліметтер ғылымда нәтижелі тұжырымдар жасауға жол ашады. Мәселен, жаңа телескоп құбылысты жылдам тіркесе, үлкен құрылғының көмегімен гамма сәулелерден кейінгі ұзаққа созылатын құбылыстарды зерттеуге болады.

Аспан әлемін зерттеуде дүниежүзілік деңгейге жету үшін диаметрі үлкен телескоптар қажет, дейді мамандар. Қазіргі уақытта астрофизикалық институт аясында 3,6 диаметрлі телескоп құрастыру бойынша инвесторлық жобалар әзірленуде.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы