386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетаулықтар балаларының тісін емдете алмай дал

  • 119
  • UPD: 22:15, 20.08.2019

Көкшетаулықтар балаларының тісін емдете алмай дал, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі қалада жалғыз емхана ғана. Ата-аналардың айтуынша, онда қашан келсең ұзын-сонар кезек. Таң алагеуімнен кезекке тұрсаң ғана дәрігерге жазылуың мүмкін.

Көкшетаулықтар балаларын қаладағы жалғыз тіс емханасының қабылдауына кіргізе алмай дал. Ата-аналардың айтуынша, емдеу мекемесінде қашан келсең ұзын-сонар кезек. Таңғы алтыда кезекке тұрсаң ғана дәрігерге жазылуың мүмкін. Ал, бұдан басқа балалардың тісін емдеуге құқылы шағын жекеменшік стоматология облыс орталығында саусақпен санарлық. «Олар ақылы болғандықтан, қалтамыз көтере бермейді», - дейді, қала тұрғындары.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Балалар тіс емханасы Көкшетау қаласының қақ ортасында орналасқан. Ол 1986 жылдан бері халыққа қызмет көрсетіп келеді. Алайда, соңғы жылдары оған көпшіліктің көңілі толмай жүр. Арыз-шағымдардың басым бөлігі, осы ұзын-сонар кезекке байланысты. Ендеше ішке кіріп, халықтың өзімен тілдесіп көрейік.

Блиц:

- Мұнда талон алуға міне, үшінші рет келіп тұрмын.

Осыған дейін екі рет келіп, дәрігердің қабылдауына кіре алмай кеткен бұл келіншек бүгін әдеттегіден ертерек келіпті. Өйтпеске амал жоқ.

Кезекке таң атпай келіп алып, не күлерін, не жыларын білмей отырған ата-аналар, «мұнда күніге осындай жағдай» дейді. Бір тілім қағазды алу үшін олар бірнеше сағат күтуге мәжбүр.

Күләш Қабдрахманқызы, қала тұрғыны:

-Енді 8:00-де жұмыс істейді деген соң «ертеректеу келейін, талон алайын, сағат 10-да кірейін» деп 7:30-да келдім. Бірақ енді келсем өзім шошып кеттім. 50 шақты кісі тұр. Мен елуінші болған шығармын. Өзім солай ойлаймын. Білмеймін енді бүгін дәрігерге қабылданам ба, қабылданбаймын ба? Ол жағын білмеймін енді. Тұрмын енді күтіп.

Жанар Төлеубаева, қала тұрғыны:

Телефонмен жазылатын қылып жасап қоюға болады ғой. Сонда осындай кезек болмайтын еді. Қазір ешбір емхана дәл осылай XIX ғасырдағыдай жұмыс істемейді. Тек осы жерде ғана осындай жағдай. Таңғы 6:00-де келу деген масқара ғой.

Ал, емхана басшылығы «мұндай проблема уақытша ғана» дейді. Айтуларынша, жаңа оқу жылының алдында дәрігерлік тексеруден өтетін балалар күрт көбейіп кетеді. Оның үстіне стоматологтар да жетіспейді. Мәселен, мамандар түгел болған кезде мұнда күніне 100 бала қабылданса, соңғы кездері бұл меженің тек жартысынан астамы ғана орындалып жүр.

Шырынкүл Орашева, тіс емханасы балалар бөлімшесінің меңгерушісі:

- Бізде негізінде 10 дәрігер болатын басында. 10 дәрігерлің төртеуі кетті, жұмыстан шықты. Содан кейін бас дәрігер Сағындық Кенжетаевич екі дәрігерді көндірді. Бүгін сол  дәрігер шықты. Өткен аптада осындай жағдай болған кезде бізде шынымен дәрігерлер жетіспеді.. Біз өзіміз де қиналдық, аурулар да қиналды.

Емхана басшылығы аталған мәселені «жаңа кабинеттерді іске қосып және ересектер мен балалардың тіркеу орындарын бөлек жасау арқылы шешеміз» деп сендіріп отыр.

Айта кетейік, аталған емхана жекеменшік болғандықтан, халыққа көрсеткен қызметі үшін мемлекеттен жылына 100 млн теңгеге жуық қаражат алады. Алайда, қызмет сапасы соған сай келе ме?

Нұрлан Ақылбеков, МӘСҚ облыстық филиалының директоры:

- Стоматология жекеменшік мекемесімен біз биыл 91 млн теңгеге келісімшарт жасастық. Кейіннен оған қосымша тағы 13 млн теңгеден астам қаржы жұмысшылардың жалақысын көтеруге бөлінді. Біз олардың тек көрсеткен қызмет түрлеріне ғана мониторинг жасай аламыз. Ол жерде қанша дәрігер жұмыс істеп жатқаны бізді қызықтырмайды. Тек тапсырыста жазылған қызмет түрлерінің санын сәйкесінше орындап отырса болды.

Ал, емханадағы қызмет сапасын тексере алатын құзырлы органдар аталған мекемеге тексеріс соңғы рет 2017 жылы жасалғанын айтады. Жоспардан тыс тексерістер тек тұрғындардан арыз-шағым түскен кезде ғана жүргізілмек. Ал, аймақтың жалпы медицинасына жауапты деген облыстық денсаулық сақтау басқармасы «жағдайды жақсартқымыз келгенмен, оған мүмкіндік болмай тұр», - дейді. Айтуларынша, қалада бұдан өзге ірі стоматологиялық емхана жоқ. Жаңасын салу да жақын арада қарастырылмаған.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы