387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында заңсыз күл алу деректері бойынша 11 заңды тұлға жауапқа тартылды

  • 164
  • UPD: 23:51, 20.08.2019

Ертіс өңіріндегі электр станцияларының күл үйінділерінен микросфераны заңсыз алу деректері тіркелуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Стихиялық қазба жұмыстарына тосқауыл қою мақсатында тиісті шаралар қолға алынған.

Бұл - мұнай өндірісі, әуеғарыш, құрылыс материалдары салаларында жоғары сұранысқа ие шикізат. Сондықтан қайта өңдеу кәсіпорындарының желісін арттыру көзделген.

Ақсу қаласының күл үйінділерінде заңсыз қазба жұмыстары осы жылдың мамырында тіркелді. Дала төсін шаңға басқан ауыр көліктерді тізгіндеген азаматтар шикізатты қаптарға жинап, қара нарыққа жөнелтеді. Мамандардың айтуынша, микросфераның бір тоннасы 120 мың теңге тұрады.

Дархан Исжанов, облыстық экология департаменті басшысының орынбасары:

- Бұл аумаққа көліктердің кіруіне шектеу қойылды. Кіреберіс жолдар жабылды. Бұрын күл алынған жерлер бақылауға алынды. Дегенмен, стихиялық қазу жұмыстары тағы да қайталануы мүмкін.

Бүгінгі күнге дейін заңсыз күл алу деректері бойынша 11 заңды тұлға жауапқа тартылды. Ал аумақ Павлодар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының иелігіне берілді. Енді тәртіп орнамақ. Ал күл инновациялық әдіспен қайта өңделеді.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Бұл кәсіпорында бір тәулікте алюмосиликатты микросфераның 40 тоннасына дейін өндіріледі. Өндірістік технологиясы бойынша Қазақстанда бірегей. Қазіргі уақытта осындай арнайы қаптамаларға салынған өнім Германияға экспортталуға дайындалып жатыр. Алдағы уақытта шикізаттың тағы бір легі Америка құрама штаттарына жөнелтілмек.

Екі гектардай жерді алып атқан зауыт «Павлодар» арнайы экономикалық аумағында орналасқан. Жылдық қуаттылығы 13 мың тоннаға жетеді. Күл Екібастұз электр станцияларынан тасымалданады. Кептіріліп, тазартылады. Нәтижесінде жеңіл фракциялы микросфера алынады.

Дмитрий Гребенщиков, кәсіпорынның бас директоры:

- Заңсыз қазба жұмыстары салдарынан шикізат жетіспейді. Көлеңкелі бизнес қарқын алған. Осындай деректерге тосқауыл қойылса, өндірістік қуаттылығымызды арттыруға мүмкіндік бар. Біз шикізатты Екібастұз электр станциясының күл үйінділерінен аламыз.

Облыста электр және жылу станциялары көптеп шоғырланған. Сәйкесінше, күл қалдықтарын қайта өңдеуге инвесторлардың қызығушылығы зор. Экономикалық аймақта жыл соңына дейін жеті ілкімді жоба жүзеге асырылмақ. Олардың қатарында күлді өңдеу зауыты да бар.

Қайрат Қайыркенов, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы басқарма төрағасының орынбасары:

- Зауыттың жылдық қуаттылығы 12 мың тонна өнім. 30 жұмыс орны ашылады. Шикізат Ақсу электр станциясының үйінділерінен жеткізіледі. Ал дайын өнім экспортқа бағытталады. Еуропада зор сұранысқа ие.

Бұл іске 1,5 млрд теңге инвестиция құйылады. Мамандардың айтуынша, көлеңкелі бизнеспен күрес жұмыстары нәтижесін берсе, өндірістік қуаттылықты 2-3 есе арттыруға болады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы