387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да 32 ғасыр бұрынғы дәуірге тиесілі асықтар табылды

  • 231
  • UPD: 23:32, 20.08.2019

Қазақ жерінен осыдан 32 ғасыр бұрынғы дәуірге тиесілі асықтар табылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Археологтардың айтуынша мұндай олжа бұрын-соңды қолға түспеген. Тарихы тереңде жатқан жәдігерлерді арна тілшісі Қорған Төреқожа көріп қайтты.

Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің археологтары Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының аумағында кешенді түрде қазба жұмыстарын жүргізген. Бір топ маман Тоқтамыс ауылының төңірегінде қоладан Түркі дәуіріне дейінгі аралықты қамтитын үлкен қорымды зерттепті.

Нәтижесінде 32 ғасыр бұрын жерленген адамның қабірінен бір емес, бақандай 140 асық табылды.

Қорған Төреқожа тілші:

- Осыдан 32 ғасыр бұрынғы қола дәуірінен табылған асықтар осы. Мұның ерте кезеңге тиесілі екендігі Солүстік Ирландияда жүргізілген ғылыми зерттеу кезінде дәлелденіпті. Осыдан-ақ бағзы заманда адамды қабірге қойған кезде асықтармен бірге жерлеген деген тұржырым жасалып отыр.

Ұлан Үмітқалиұлы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ археологы:

- Ер адамның аяқ жағынан 140 асық, оған қарама-қарсы қарап жатқан тағы бір тас жәшіктен әйел адамның аяқ жағынан 37 асық табылған болатын. Ер азаматтың жерлеу дәстүріне сол 140 адам қатысқан. Сонымен бірге бұл асықтардың ішінде мынадай тесігі бар асықтар бар. Яғни ер азаматтар мойнына тағып жүрген асықты үзіп тұрып, туысына, жақынына былай тастайтын болған.

Тіпті кейбір асықтар боялған екен. Бұл мол олжа. Осыдан-ақ қазақ жеріндегі тұрмыста асық бағзы заманнан бері қолданыста жүр деп ауыз толтырып айтуға болады. Тіршілікте кеңінен пайдаланылған соң бізде асыққа қатысты мақал-мәтел де өте көп. Мәселен...

Блиц (мақал-мәтелдер):

- Қой асығы демеңіз, қолға жақса сақа ғой, жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға ғой.

- Асығыңыз алшысынан түссін.

- Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар.

Дәл осы «асық ойнаған азардың» мағынасын білесіз бе? Айтайық. Асық атумен тек балалар емес, ересектер де жаппай ойнапты. Кезінде. Тіпті құмар ойындардың қатарына да кіріп кеткен-мыс. Сондықтан ақсақалдар әлгіндегідей мәтел шығарып, ер азаматтардың құмар ойыннан бетін қайтарған екен.

Ұлан Үмітқалиұлы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ археологы:

- Үлкен-үлкен белді адамдар асықты иіріп отырып, асықты құмар ойындарға салатын болған. Сондықтан да асықтың ойынын белгілі бір қоғамдық кезеңдерде бұл адамды аздыратын ойын деп, бұған тыйым салған. Сондықтан тыйым салған соң мұны тек балаларға ойнауға рұқсат берген. Әйтпесе бұл өте үлкен қоғамдық мәселелерді шешетін, елдік мәселені шешетін, үлкен адамдар да ойнайтын ойын түрі болған.

Ал, қазір ше? Заман басқа. Мәтел мағынасын жойды. Өйткені асық құмар ойын саналмайды.

Асық ату жас талғамайды. 6 жасар баладан, 60-тағы қарияға дейін ойнай береді. Бұған дәлел - Серікбай Жиенәлин. Жасы 69-да. Әлі күнге дейін қолынан асық тастамаған.

Серікбай Жиенәлин, Қостанай қаласының тұрғыны:

- Бір ойында 2-3 кезең болса, кемінде 10-15 шақырым жүгіріп жүру керексің. Салауатты өмір салтына өте қолайлы. Ылғи еңкею, жүру.

Асық атуды жеке спорт түрі ретінде танып, ресми жарыстар өткізу мәселесі осыдан 5-6 жыл бұрын айтыла бастаған еді. Ол кезде көпшілік мырс еткен-ді. Бастаманы құп көрмей, қолды бір сілтегендер де көп.

Өйткені расымен де, ауыл баласының ойынын аяқ асты спорт ретінде тану кәдімгідей абсурд көрінетін. Бірақ сала мамандары оның жай арман ғана емес, нағыз қолдан келетін шаруа екенін дәлелдей білді. Сол саусақпен санарлық жылдар арасында арнайы федерация құрылды, нақты ережесі бекітілді және әртүрлі деңгейдегі жарыстар өткізіле бастады. Тіпті қазір асық атудан спорт шебері деген атақ та беріледі. Үздік ойыншылардан ұлттық құрама жасақталды. Халықаралық жарыстарға қатысып тұрады. Яғни, асық ату толыққанды кәсіпқой спорт түрі қазір. Енді бірнеше елде асық федерацияларын ашу мақсаты тұр.

Ескендір Рахметов, асық атудан аға жаттықтырушы:

- Моңғолия мемлекетінде ашылды. Өзбекстандағы қандастарымыз ашып жатыр. Енді мына Қытайдағы қандастарымыз «ашамыз» деп бізден көмек сұрап отыр.

Жер-жерде асық федерациялары ашылған соң ұлттық ойынымыз да дами түседі. Тағы бір жаңалық. 2021 жылы елордада этноспорттан әлем чемпионаты өтпек. Сол кезде асық атудан да жеке жарыс болады. Одан соң Азия чемпионатын да ұйымдастыру көзделіп отыр. Осындай қарқынмен дамыса, мамандардың пікірінше, асық ату 2022 жылға қарай Азия ойындарына еніп кетуі де кәдік.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы