387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да биыл 200 мұқтаж отбасын баспанамен қамту көзделіп отыр

  • 155
  • UPD: 22:43, 21.08.2019

Алдағы 7 жыл ішінде елімізде көп балалы отбасыларға 40 мың пәтер беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы мақсатта аймақтарға қазынадан 50 миллиард теңге бөлінді. Соның ішінде Шығыс Қазақстан облысына 1,6 миллард теңге қарастырылған. Қазір өлкеде құрылыс қарқынды. Мәселен Зайсан ауданында 30 пәтерлі  үй салынып жатыр.

26 мың көп балалы отбасы тіркелген Шығыс Қазақстан үшін бұл бастаманың маңызы ерекше. Сондықтан облыс орталығынан бастап шалғай аудандарда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Зайсан қаласындағы мына 30 пәтерлі үйдің жобалық құны – 350 миллион теңге. Жаздың ортасында басталған жұмыстың қазір 30 проценті аяқталған.

Асхат Мусанов, мердгер компанияның бас инженері:

– Кестеге сәйкес үлгеріп жатырмыз. Жұмыстың барлығы жақсы болса, осы жылдың қараша айында өткізіп 30 пәтеріміздің қонысын тойлатамыз.

Жаңа үйдегі пәтерлер әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға ұсынылатын болады. Қазір іріктеу жағы басталып та кетті.

Серік Ақтанов, Зайсан ауданының әкімі:

– Зайсан округі мен қаласы бойынша 75 көп балалы отбасы кезекте тұр. Сол отбасылармен жұмыстар жүргізіліп, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша пәтер алып беру жайында жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Аудандағы құрылыс барысы мұнымен шектелмейді. Алдағы жылы тағы 2 көп қабаты үй салу жоспарлануда.

Қуан Тұрсынханов, аудандық сәулет құрылыс және ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

– Жастар қалашығында тағы да 30 пәтерлі 4 үйдің құрылысына бюджеттік өтінім өткіздік, бұл 2019-2020 жылдарға іске асырылады деп жоспарап отырмыз, қазір Торайғыров көшесінде екі 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына бюджеттік өтінім бердік.

Сонымен қатар қайырымдылық қоры арқылы 11 көп балалы отбасына ауылдардан дайын үйдің кілті тапсырылған. Жалпы облыста биыл осындай 200 мұқтаж отбасын баспанамен қамту көзделіп отыр.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы