387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлемдік азаматтық авиация тарихында құстардың кесірінен 55 ұшақ құлаған

  • 181
  • UPD: 22:18, 21.08.2019

Әлемдік азаматтық авиация тарихында құстардың кесірінен 55 ұшақ құлап, салдарынан 277 адам опат болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Біздің де әуе кемелері мұндай жағдайға бір емес, бірнеше рет тап болды. Жалпы мұның алдын алу үшін ИКАО халықаралық ұйымының стандарттары бойынша арнайы әдістер қолданылады.

Әуежайларда құстарды осылай үркітеді. Бірақ тапанша оқталмаған. Бұл – қанатты тіршілік иелері ұшақпен соқтығыспау үшін қолға алынған әдістердің бірі. Бұдан бөлек, биоакустикалық құрылғы, пропан зеңбірегі, лазер сынды басқа да дыбыстық һәм механикалық шошыту амалдары бар.

Ұшақтар үшін құс атаулы қауіп. Бетпе соқтығысса, апат тудыруы әбден ықтимал. Жыл сайын осындай 5,5 мыңдай оқиға тіркеледі. Бұл – халықаралық азаматтық авиация ұйымының ресми дерегі. Сондықтан барлық әуежайда осы ИКАО стандарттары бойынша сақтық шаралары қолға алынған.

Питер Гриффитс, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ бас директоры:

– Ұшақтың құстармен соқтығысып қалмауы мүмкін емес. Мен борт командирі болып қызмет еткенімде үш рет құстармен қақтығысқанмын. Жалпы ИКАО нормаларына сәйкес әуежай маңы аймағын зерттеу қажет. Бұл жерлерде қандай құстар мекендейтінін, олардың қай мезгілде көп ұшатынын анықтап алған абзал. Сонда ғана сақтануға болады.

Елорда әуежайында ұшақтарға көбіне қарға, сауысқан, құзғын секілді құстар қауіп төндіреді, дейді мамандар. Бұл жерде де қанатты тіршілік иелері қос қанатты көліктермен жылына 2-3 рет қақтығысып қалады. Абырой болғанда қайғылы оқиға болған жоқ.

Арман Абжанов, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының жетекші орнитолог маманы:

– Біздің жақта көбіне сәуір айында құстар көбейеді. Бір мезетте 200-ден 1 мыңға дейін ұшып өтуі мүмкін. Бұдан бөлек әуежайдан 900 метр жерде Майбалық көлі бар. Сол тұста құстар көп мекендейді.

Жалпы азаматтық авиация тарихында құстардың кесірінен 55 ұшақ құлап, салдарынан 277 адам қаза тапқан екен.

Авторлары: Ж.Біркенов және А.Серікұлы

Хабар 24 телеарнасы