387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында жыл басынан бері 10-ға жуық аққу құтқарылды

  • 118
  • UPD: 11:32, 22.08.2019

Биыл Маңғыстау облысында үйірінен адасқан аққулардың иен далаға қонғаны туралы үш дерек тіркелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шала жансар күйдегі қанаттыларды тұрғындар көріп, әкімдікке хабарлаған. Ол жерге инспекция мамандары шұғыл барып, киелі құстарды Қаракөл су қоймасына жеткізді. Жуырда Бейнеу ауданында теміржолшылар тоқ соққан екі аққуды ажалдан арашалап қалды. Қазір олар елді мекен жанындағы жаңбыр суы жиналған аймақта ұсталып отыр. Жағдайы жақсарған соң Ақтаудағы жасанды көлге әкелінуі мүмкін.

Алғашқы дерек мамыр айында тіркелді. Тәртіп сақшылары жағалаудағы полиция бекетіне қарама-қарсы жерде жатқан аққуды көріпті. Дереу қорапқа салып бекетке жеткізген. Жұмсақ нан беріп бақылауда ұстады. Құс басын көтерген соң аймақтық инспекция мамандарына хабар берген. Олар қарап шыққан соң аққу Қаракөл су айдынына жіберілді. Мұндай жағдай осы аптада Боранқұл ауылында қайталанып отыр.

Тұрғанбай Шапағатов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

- Әлсіреген құстар тұрғындарға тап болған. Тұрғындар теміржолшыларға, ал теміржолшылар әкімшілікке хабарлап, олар бізге хабарласты. Біз инспекторларды жібердік. Сол жерде ветеринарлар келіп қарап, олардың жағдайы орташа, тоқ соққан болуы мүмкін деген анықтама беріп, оларды Бейнеу маңындағы жаңбыр суы жиналған жерлерге алып кетті. Егерде олардың жағдайы жақсы болған кезде Қаракөлге алып келіп жіберуге болатын еді.

Ақтауда аққудан басқа да көмекке зәру хайуанаттар ұсталатын орын жоқ.

Тәуелсіз экологтар қараусыз қалған және даланың аң-құсына кешенді күтім жасалатын орталықтың қажеттігін көптен бері айтып жүр. Бүгінде бұл мәселе оң шешіліп келеді. Нысан салу үшін қала сыртынан екі гектардай жер телімі белгіленген.

Кирилл Осин, тәуелсіз эколог:

- Мұндай орталықтар еліміздің әр аймағында болу керек деп ойлаймын. Бүгінде қала әкімдігімен бірлесе, осындай кешен салуға кірісіп жатырмыз. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асады. Биыл жер телімінің құжаттарын рәсімдеу жұмыстары басталды. Орталық салынған жағдайда түз тағылары ғана емес, бұралқы ит-мысықтар да ұсталады.

Жоспар бойынша орталық екі жылдан соң іске қосылуы тиіс. Жоба жүзеге асқан соң 10 жұмыс орны құрылмақ. Сондай-ақ аң-құстардың күтіміне еріктілер де тартылады.

Айта кетейік, аймақтық инспекция мамандары тұрғындарды елді мекен маңында шала жансар күйде жатқан аң-құсқа тиіспеуге шақырады.

Куәгерлердің әкімдікке немесе 8(7292) 33-10-37 байланыс нөміріне хабарласуын сұрайды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы