389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорда іргесіндегі орман мен ондағы аң-құстар қаншалықты қорғалған?

  • 230
  • UPD: 11:58, 22.08.2019

Заңсыз аң аулау қай кезде болмасын қоғамның жегі құрты секілденген.

Қоғам ғана ма екен, қоршаған ортаны бүлдіруге дайын тұратын браконьерлер жеке олжасы үшін кез келген қылмыстан тайынбайды.

Елдегі шулы оқиғаларды ірке тұрайық. Осы елорда іргесіндегі жасыл белдеу аумағы, ондағы аң-құстар қаншалықты қорғалған? Заң бұзушылықтың алдын алу мақсатында қандай шаралар қолға алынған?

Елорда іргесіндегі жасанды орманға күні кеше жаңбыр селдеп құйды. Бас шаһар іргесіндегі Жасыл белдеу үшін бұл - қашан да табиғи шарапат. Ал жапанға біткен тоғай, ондағы талдар мен өсімдіктер, аң-құстар үшін жауын-шашынның әр тамшысы нәр. Бірақ жерсінген флора мен фауна браконьерлерден қаншалықты қорғалған? Экологиялық полиция қызметі, үкіметтік емес ұйымдар мен басқа да табиғат жанашырларының жұмысы қаншалықты жолға қойылған?!

Ардақ Қасенов, Астана орманы мекемесінің бас агрономы:

- Орманда енді өздігінен пайда болған біріншіден қоян, түлкі, қарсақ, құстардан құр деген құс болды, ал енді аңшылыққа, браконьерлерге келетін болсақ, олар бізде жоқ, өйткені біздің жасыл белдеу Нұр-Сұлтан қаласының шекарасының ішінде онда аңшылықпен айналысуға қатаң тыйым салынған. Және де бұл территорияда күні-түні біздің 40 орманшы осы орманды қорғап қызмет жасап жүр.

Жасыл белдеу құрудың алғашқы кезеңінде, яғни осыдан шамамен 20 жыл бұрын 14 мың 827 га жерге 12 миллионнан астам ағаш отырғызылды. Оның басым бөлігі жапырақты тал-өсімдіктер болған. Ал қылқан жапырақтылар небәрі 1,8%-ін құрады. Елбасы тапсырмасына сай, 2009 жылы тоғай жолақтарын жалпы орманға айналдыру жұмыстары басталды.

Ардақ Қасенов, Астана орманы мекемесінің бас агрономы:

- Осы тапсырманы іске асыру барысында біздің мекеме жаңағы Қазақ ғылыми орман шаруашылығы институты ғалымдарымен бірлесе отырып, осы өндірістік тәжірибе учаскесін құрып, осында бірнеше ағаш түрлерін сынақтан өткізді. Енді соның біреуі өздеріңіз көріп отырған емен ағашы. Осы жұмыстардың нәтижесінде 4 жоба дүниеге келді. 2012 жылдан бастап 2018 жылға дейін 2 млн 847 мың түп ағаш отырғызылды. Оның 43%-ы қылқанды жапырақтылар болса, 57%-ы жапырақты талдар болады.

Мамандардың айтуынша, жасанды орман қаланың экожүйесін қалыптастырды. Оның беріп жатқан басқа да ризығы мол. Мәселен, жол бойында саудамен айналысатын бұл жастардың жеміс-жидектері - Жасыл белдеу орманының өнімі. Ұсақ алма, қарақат пен саңырауқұлақ теріп, шелегін 1500-2000 теңге аралығында саудалайды екен. Олардың айтуынша, жергілікті өнімнің бағасы сапасына сай келгендіктен, сұраныс жоғары.

Тоқтаған Бақытхан, сатушы:

- Біз өзіміздің отбасымызбен, достарымызбен жинаймыз. Бағасы мың жарымнан басталады. Әрқалай. Міне, осы орманның ішінен жинаймыз бәріміз.

2010 жылдан бастап 2018 жылға дейін мұнда қырғауыл өсіру жолға қойылғаны аян. Жұмыстардың нәтижесінде 9 мыңнан астам құс орман ішіне жіберілді. Жоспарда қырғауылдың тағы екі түрін өсіру көзделген. Осы себепті Астана орманы мекемесі екі биологиялық негіздеме жасауға тапсырыс беріп жатыр. Экологиялық сараптама өткізіліп, келер жылдан бастап қолға алынады. Жалпы алдағы 2-3 жылдықта Нұр-Сұлтан қаласының 15 мың гектар аумағын көгалдандыру жоспарланып отыр. Ал жалпы Жасыл белдеу ауданы 80 мың гектардан асады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Айбын Құсанбеков

Хабар 24 телеарнасы