389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада алдағы 2-3 жылда қосымша кәріз жүйелері салынбақ

  • 139
  • UPD: 14:39, 22.08.2019

Нұр-Сұлтан қаласындағы Бауыржан Момышұлы көшесі және Тұран - Ұлы Дала қиылысындағы су құбырларын тазалау құрылғыларының жанынан қосымша кәріздер салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әзірге мемлекеттік тапсырыс шаралары жүріп жатыр. Құрылыс биыл басталуы тиіс. Мұндай қажеттіліктің тууына көп мөлшерлі жауын жауғанда құбырлардың суды қабылдай алмай қалуы себеп. Салдарынан айнала көлге айналады. Өйткені құбырлардың диаметрі 600-800 мм ғана. Жаңасы 1200-2000 мм-ге дейін жетеді.

Мамандардың айтуынша, бұл құбырлар 50 жылдан аса қызмет көрсетеді. Жалпы Бауыржан Момышұлы көшесіндегі коллектор құрылысына 670 млн теңге қарастырылуда. Жаңбыр жауса болды, көпшілікті әбігерге салатын тағы бір аумақ – Жастар шағын ауданы. Мұнда су құбырларын тазалау құрылғылары мүлде болмаған. Қазір Республика, Тәшенов, Бараев көшелері бойына 8,2 млрд теңгеге жаңа нысандар салынып жатыр.

Ербол Төлеуов, қалалық отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқарма басшысы:

- Жастар ықшам ауданында жинақтаушы дейміз ғой, ол құрғатылып, соның орнына жердің астындағы сүзгіш станциясы салынады. Бүгінгі күнде ол мердігер тағайындалған, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Ал Момышұлын біз бір айдың көлемінде бастаймыз. Үшінші: ТұранҰлы Дала. Ол жол басқармасының жобасы. Жол салынып жатыр, сол жолдың астына кәріз жүйесін салады.

Аталған аумақтарда қатты жауын жауса, халықтың дегбірі қашады. Себебі, айналаны басып қалған жауын суы қозғалысты қиындатады. Көше ортасында қайықпен «серуендеген» азаматтар естеріңізде шығар. Мамандар болса, «алдағы 2-3 жылда аталған кәріз жүйелерінің нәтижесін көреміз» деп сендірді.

Хабар 24 телеарнасы