387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда балабақша кезегінде 56 мың бала тұр

  • 136
  • UPD: 14:40, 22.08.2019

Алматыда 1 мен 6 жас аралығындағы 56 мың бала балабақша кезегінде тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бөбекжайлардағы орын тапшылығы жыл сайын артып келеді. Ішкі көші-қон процестері мен туу көрсеткіштерінің жоғары болуы ірі мегаполиске тән құбылыс десек те, мектеп жасына дейінгі балаларды біліммен қамту кезек күттірмейтін мәселе.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Бұл №125 мемлекетік балабақша бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынып, әкімшілікке тапсырылған. 216 балаға арналған ғимаратта бүлдіршіндердің дамуына барлық жағдай жасалған.

Арайлым Қазбекқызы, №125 балабақшасының меңгерушісі:

- Осы жылы Білім туралы заңның баптары күшіне енді. Балалар 6 жастан бастап мектепке кетті. Осы жылы біз екі топтың орнына 4 топты мектепке шығарып салдық. Балапандардың дайындығы жаман емес, жақсы болып шықты.

Жалпы Алматыда қазір 874 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Оның 185-і мемлекеттік, қалғаны жекеменшік бөбекжайлар. «Жыл басынан бері қалада 3 мемлекеттік балабақша пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 4 жаңа ғимарат бөбектерге есігін ашады», деп отыр білім басқармасы. Алайда, кезек сонда да сейілер емес.

Әлия Сағиева, қалалық білім басқармасы мектепке дейінгі білім беру бөлімінің басшысы:

- Жыл сайын 3-4 мемлекеттік балабақша, жекеменшік балабақшалар ашылып жатыр. Сонда да бізде кезек әлі бар. 3-6 жас аралағында бізде 20 мыңнан аса бала тұр. Ал, 1-6 жас арасында 50 мыңнан аса бала кезекте тұрған жағдайы бар қазіргі таңда.

Тамыз конференциясында қала әкімі бүлдіршіндердің жасына сай дамуын қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шешу үшін алдағы 3 жылда 6,5 миллиард теңге бөлінетін мәлімдеді. Бұл қаражат жекеменшік балабақшаларда мемлекеттік тапсырыс санын көбейтуге жұмсалмақ. Алайда, мемлекеттік тапсырыспен жолдама алған ата-ана ондағы үстеме төлемақыларды көріп, теріс айналатыны жасырын емес.

Әлия Сағиева, қалалық білім басқармасы мектепке дейінгі білім беру бөлімінің басшысы:

- Қосымша білім беру қызметтерін бере алады. Бірақ мемлекетттік тапсырыспен барып отырғаннан кейін ата-ана тек қана маған осы стандартта жазылған нәрселер керек, маған қосымша керек емес десе, жекеменшік балалбақшалар оған міндеттеп, «осыны өтейсіздер, оған ақша төлейсіз» деп айтуға құқылары жоқ. Қазіргі таңда әр балаға теңге беріледі. Ал енді тамақтың төлемақысын ата-ана өзі төлейді. Ол төлемақы Алматы қаласы бойынша 18500 теңгеден аспауы керек.

«Қала әкімінің тапсырмасымен жекеменшік балабақшалардағы төлемақы мәселесіне мониторинг жасалады», - дейді мамандар. Артық ақша төлеуге ата-ананы міндеттеген мекемелер мемлекеттік тапсырыстан айырылады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы