387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қосшы ауылында қыруар қаржыға салынған жол сапасы сын көтермейді

  • 161
  • UPD: 22:36, 22.08.2019

Елордадан атшаптырым жердегі Қосшы ауылының жағдайы мәз емес. Тұрғындар салынып жатқан жолдарды сүріп, қайтадан салу керек дейді.

Себебі қыруар қаржы жұмсалған жол сапасы әлден сын көтермейді. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» зертханасы осы Қосшыға арнайы барып, асфальттың сапасын тексерген екен. 

Зертханашылар бұл жолды бұған дейін де тексеріп, кем тұстарын тізіп берген. «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» филиалы 13 материалдың жобалық талаптарға сай еместігін анықтаған. Мысалға табиғи құм-қиыршық тастың орнына ұсақталған құм төселген. Жол жиегі мен арықтардың салынуы да талапқа сай келмейді. Осы сияқты 20-дан астам ескертулер бұл жолға жауапты мердігер ұйым тарапынан ескерусіз қалған.

Замир Сағынов, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Бас директорының міндетін атқарушы:

- Қиыршық тас салынбаған. Топырақтың үстіне салынған. Табиғи қиыршық тас салынғаны бар. Бұл жалпы стандартқа сай емес. Внизу оснавание нету. Төменгі жағын қазып қарасақ, төменгі жағы бос деген сөз. Су жиналып тұр.

Қосшыдағы жолдың жыры бұған дейін де айтылған. Сондықтан, ауыл тұрғындары «айта, айта алтайды Жамал апам қартайдының» кебін киіп отыр. Тіпті батпақтап жүргеннен жалыққан болар, сапасыз жолдың өзіне тәубе дейді.

Шәмшия Атабаева, ауыл тұрғыны:

- Өзіміз халықтан ақша жинап камаз жалдап, қиыршық тас төседік. Себебі балалар батпақтан балалар оқуға бара алмады. Сонымен өзіміз істедік. Сонымен оның үстіне салынды. Ешқандай жерді қазып, техникалық стандартпен салынбаған асфальт бұл.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Өзге өңірлерді былай қойғанда Елорда іргесіндегі Қосшы ауылындағы жолдың сиқы осы. Бұл ауыл ішіндегі жолды жөндеуге мемлекеттен 2 миллиард теңге бөлінген. Қаражат қомақты болғанымен, жолдың сапасы әлі де сын көтермей тұр.

Ал жолдың сапасын тексеруге мұрындық болған қоғам белсенділерінің  пікірі де осыған саяды.

Мұсағали Дуанбеков, қоғам белсендісі:

- Жолдың негізі фундаменті дұрыс жасалмаған. Себебі айналасында сулар бар. Ертең күн суытып аяз түскенде  асты жарылып қайтадан шыға келеді. Сондықтан көрген жолымызды қайтадан жасау керек. Оны жасаған мердігерлер міндетті түрде жауап беруі керек. Оған миллиондаған ақша кетті. Олар оны ішіп, жеп те қойған шығар.

Ал жол жөндеуші мердігер компания мен аудандық әкімшілік өкілдері жолды осындай аянышты күйге түсірген жүк көліктері деп отыр. Сапасы жағына жауап бере алмағасын, бар кінәні адамға емес көліктерге артты.

Арман Жұмағұлов, Целиноград аудандық жолаушылар  көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Байқаған болсаңыздар, біз кіреберіске жүк көліктерін жүргізбес үшін арка қойдық. Себебі жол сапасын құртатын көбінесе сол ауыр жүк тасымалдайтын көліктер. Сондықтан мердігер компания биыл жолды өз қаржысына қайтадан жөндеп жатыр.

Сергей Кононов, мердігер:

- Кепілдік жөндеу жұмыстарын өзім жасап жатырмын. Ал өткен жылы жолды салғанда мен бұл нысанда жұмыс істеген жоқпын. Сондықтан жолдың қаншалықты жұқа немесе қалың болғындығын айта алмаймын. 

Жалпы жол сапасына жауапты мекеме басшысы  еліміздегі осындай жергілікті жерлердің 90 проценті талапқай сай еместігін айтты. Сондықтан мұндай рейдтер алдағы уақытта еліміздің барлық аймағында жүргізіледі. Ал Қосшы ауылындағы жолдың сапасына қарасты айтылған сын-ескертпелер болашақта түзелер деген ниет басым.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Сұлтан Қалдыбеков

Хабар 24 телеарнасы