387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда көлік қоятын тұрақ мәселесі түбегейлі шешілмей тұр

  • 114
  • UPD: 08:41, 23.08.2019

Алматыда жыл сайын халық санымен қатар көлік саны да артып келеді.

Ал темір тұлпарларды қоятын тұрақ мәселесі әлі түбегейлі шешілмей тұр. Соңғы жылдары пайда болған ақылы тұрақтың да төңірегінде сауалдар көп. Көліктің қауіпсіздігіне ешкім жауап бермейтін болса ақшаны не үшін төлейміз, деп қала тұрғындары наразы.

Ресми деректерге сүйенсек, Алматыда 460 мың автокөлік тіркелген. Бұдан өзге күн сайын сырттан келетін 250 мыңға жуық көлік тағы бар. Сондықтан мегаполисте тұрақ мәселесі қиындап тұр. Қала тұрғындарының пікірінше, 2016 жылы қолданысқа енгізілген ақылы көлік тұрағының шикі тұстары көп.      

қала тұрғыны:

– Әр сағатына 100 теңге күніне көп ақша шығады ғой. Өте көп. Басқа жаққа қоюға болмайды. Қоятын мүмкіншілік жоқ. Орын жоқ, орын өте аз.

қала тұрғыны:

– Шынын айтсам, көңілім толмайды. Өйткені мен 4 рет 5 рет қоям. Соның бәрін де төлеймін. Бұрын қалай еді? Бұрын қоясыз, кете бересіз. Ал бұған кім жауап береді, қазір бір жерін сызып алдыңыз. Кім жауап береді? Сіз жауап бересіз бе? Жауап бере алмайсыз. Тек ақша төлейсің апаратқа барып, болды. Төлемесең айыппұлың келіп тұрады.

Қазіргі таңда «Алматы паркингке» қарасты қалада 11241 ақылы тұрақ бар. Бастапқыда жұрт тұрақ ақысын төлейтін паркомат таппай қиналса, енді бос орын жетіспеушігі жүргізушілер жүйкесін жұқартқан. Мәселен, дәріхана, немесе емхана, дүкенге шұғыл кіріп шығу керек болады. Ол маңда орын болмаған соң көлігіңізді аз уақытқа көшеге қойып кетсеңіз, эвакуаторлар аңдып жүріп, алып кетеді. Оның соңы айыппұл төлеумен немесе жол полициясы қызметкерлерімен арада дауға ұласады. Қалалық қоғамдық кеңес бұл мәселені алдағы уақытта қайта қараймыз деп отыр.

Рахман Алшанов, қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы:

– Кезінде қолдадық паркинг болғанын. Қарасаңыздар, жасанды кеудеше киіп алады да, ақша жинайтындар болд. Түсіп жатқан салық шамалы. Жоқтың қасы деп айтуға болады. Соған байланысты әдейі тыңдау өткізейік деп отырмыз. 

Қазақстан автомобилистер тәуелсіз одағының төрағасы Эдуард Эдоков Алматы секілді ірі мегаполистерде ақылы тұрақтың болғаны дұрыс. Әлемнің дамыған елдерінде  50 жыл бұрын осындай жүйе қалыптасқан дейді.

Эдуард Эдоков, Қазақстан автомобилистері тәуелсіз одағының төрағасы:

– Ақылы тұрақ біздің елде 2-3 жыл бұрын ғана пайда болды. Бұған қала тұрғындары үйренісе бастады. Ең бастысы осы ақылы тұраққа түскен қаржының біреудің қалтасына емес қала бюджетіне түсуін қадағалау қажет.  

Еңбек демалысында жүрген «Алматы паркинг» басшылармен тілдесудің орайы келмеді. Қала әкімшілігінің жіберген мәліметтеріне сүйенсек, жоспар бойынша осы жылдың соңына дейін шаһардағы ақылы тұрақтың саны 13400 ге жететін көрінеді.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Радик Жапаров

Хабар 24 телеарнасы