386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбелік көше тазартушы компаниялар жұмыс жасаудан бас тартты

  • 106
  • UPD: 07:59, 23.08.2019
Ақтөбелік көше тазартушы компаниялар жұмыс жасаудан бас тартты

Ақтөбе тау болып үйілген қоқыстың астында қалуы ықтимал.

Шаһарға қызмет көрсететін үш компанияның екеуі қаражат жеткіліксіз деп кейбір аудандарда жұмысын тоқтатқан. Нәтижесінде тұрмыстық қалдықтар полигонға жеткізілмей, көшелерде шашылып жатыр. Коммуналдық мекемелер тұрғындардың қарызы шаш етектен дейді. Нәтижесінде дер кезінде жалақы төлемек түгілі, күнделікті қажетті жанар-жағармайға да қаражат таппай отыр. Тазалыққа жауапты мекемелердің дерегіне сәйкес қазір Ақтөбе тұрғындарының 60 процентке жуығы қоқыс шығару қызметін өтемей келеді.

Аталмыш аудандарды тазалау әзірге қызметін толық жүргізіп отырған үшінші компанияға жүктелген. Жалпы коммуналдық мекемелер тарифті қайта қарауды ұсынуда. Қызмет құнын қымбаттатса ғана жағдай түзеледі дейді. Қазір Ақтөбеде әрбір тұрғын қоқысын шығаруға айына 104 теңге төлейді. Жергілікті билік жедел штаб құрған. Қызметті мойнына жүктеуге дайын мекемені тендер арқылы анықтаймыз дейді. Ал нарықтағы компанияларға абоненттермен жұмысты жолға қоюға кеңес береді.

Нұрлан Досов, қалалық ТКШ бөлімінің инспекторы:

– Тиісті кестеден бірнеше күнге кешігуге байланысты көшелерде қоқыс толып қалды. Соңғы екі күн аумақты тазарту жұмыстары қауырт қолға алынды. Сондықтан жағдайдың түзелетіндігіне сенімдімін. Бастысы қызмет көрсетуші компаниялар тұтынушылармен кездесіп, төлемдерді уақытында жүргізу керектігін түсіндіріп отыруы тиіс.

Хабар 24 телеарнасы