386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордалықтардың ақылы автотұраққа шағымы бар

  • 110
Елордалықтардың ақылы автотұраққа шағымы бар

Елордада ақылы автотұрақтардың пайда болғанына көп бола қойған жоқ.

Бірақ осы уақыт аралығында жүргізушілердің едәуір бөлігі темір тұлпарларын белгіленбеген орынға қалдырып кету әдетінен алшақтай қоймағаны байқалады. Дегенмен ақылы орындардың өзі шектеулі екені түсінікті. Сондықтан белгілі бір сұраныстың барын жоққа шығаруға әсте болмас. Мәселен, көлікті ақылы автотұраққа қою құны – сағатына 100 теңге. Ал демалыс пен мереке күндері қызмет тегін. Ақы төлеуден жалтарылған жүргізушілерге 7,5 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Қолданушыларға қолайлы болу үшін арнайы сайт пен мобильдік қосымша да бар. Алайда көпшілік көшедегі терминалдарды қолданғанды жөн көреді. Олардың соңғысына қатысты белгілі бір шағымдары да бар екен.

Динара Байзақова, қала тұрғыны:

– Көлігімді автотұраққа қояр кезде терминалды қолданғаным бар. Бірақ басында енгізген деректерімнің қате екенін көрсетті. Мен үшін ақы төлеу функциясы тым күрделі. Интерфейсі де қолайсыз. Алдағы уақытта паркоматтарға жүгінбейтін болғандаймын. 

Тимур Сарбаев, қала тұрғыны:

– Ең болмағанда паркомат төбесіне күнқағар орнатса болар еді ғой. Мәселен, жауын-шашын мен екпінді жел кезінде қолайсыз. Күн райы бұзылып тұрған кезде дисплейдің өзін дұрыстап көру бір мұң. Одан кейін түбіртекті алу үшін тағы күтуге тура келеді.

Хабар 24 телеарнасы