389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда театрдағы өрттен келген шығынды арнайы комиссия анықтайды

  • 151
Атырауда театрдағы өрттен келген шығынды арнайы комиссия анықтайды

Атыраудағы облыстық қазақ академиялық театрдағы өрттен ғимараттың 1500-1800 шаршы метрдей аумағы толықтай жанып кетті.

Мамандардың айтуынша, қосымша ғимараттағы электр қондырғысынан басталған қызыл жалын негізгі ғимаратқа ауысқан. Оқиға орында 21 арнайы техника мен 88 маман жұмыс істеді. Ең бастысы зардап шеккендер жоқ. Қазір аймақта осы төтенше оқиғаға қатысты арнайы комиссия құрылып, өрт салдары мен шығын көлемін анықтайтын болады. Бұл ғимарат 1975 жылы салынған, жалпы аумағы 6,5 мың шарты метрге жуық. Осыдан екі ай бұрын ғана күрделі жөндеуден өткізіліп, қолданысқа берілген болатын. Өкінішке орай театр майталмандары жаңа маусымды бұл ғимаратта аша алмайтын болды. Сонымен қатар актерлердің сахналық киімдері, декорациялар, тігін және басқа да шеберханалар мен цехтарды жалын шалды. Өрттің соншалықты ұзақ уақыт сөндірілуіне шатырдағы темір жабындылар кедергі келтірген. Сонымен қатар биыл театр ғимараты күрделі жөндеуден өткізілгендіктен, арнайы мамандар өрт-техникалық тексеру жұмыстарын жүргізіп үлгермеген. Енді өрт-техникалық сараптамасы тағайындалатын болады.

Нұрлан Жаңабаев, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы:

– Осы қыркүйек айының 5 күні өрт-техникалық тексерісті бастауымыз керек болатын. Өкінішке орай бүгін өрт оқиғасы орын алды. Өрт оқиғасы кезінде шатырдың профлистпен жабылуына байланысты, ауа райының қолайсыз, желді болуына байланысты көптеген қиындықтар орын алды.

Хабар 24 телеарнасы