387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 180 жоба мақұлданып отыр

  • 124
  • UPD: 18:32, 23.08.2019

Еліміздегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылып жатқан жобалардың басым бөлігі Шығыс Қазақстан облысына тиесілі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде 33,5 миллиард теңгенің 180 жобасы мақұлданып отыр. Тағы біршамасына инвесторлар іздестірілуде. Осылайша, аймақта кәсіпкерлермен бірлесе отырып, көптеген әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Бизнеспен арадағы әріптестік әсіресе өлкедегі балабақша тапшылығын шешуге ықпал етуде. Мәселен Зайсан ауданында осы бағыт бойынша соңғы 3 жылда мектепке дейінгі 6 мекеме салынған.

Зайсан қаласының орталығындағы  бұл балабақша тұрғындар үшін көптен күткен мекеме болды.Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша жұмыс істейді. Ата-аналар үшін тиімді. Динара Дубраева 4 жасар қызын осында әкеледі. «Балабақшаның ақысы да тәрбиешілердің жұмысы да көңілімнен шығады», - дейді жас ана.

Динара Дубраева, ата-ана:

- Балабақшаның төлемақысы өте қолайлы, 10 мың теңге, ол енді 10 мың теңге қалтамызға қолжетімді баға ғой, баламыздың енді ой-қабілеті де, тіл мәдениеті де дамып келеді.

Балабақша ғимаратын кәсіпкер мемлекеттік қолдау арқылы жеңілдетілген несиеге сатып алған.Бұл жердегі ісі өрге басқан соң тура осындай тағы да бір мекеме ашып қойды. Осылайша, 200-ге жуық бүлдіршінге тәрбие беруде.Бақыт Сырымбаева мемлекетпен әріптестік жобасын ары қарай жалғастырып, аудандағы мектепке дейінгі ұйымдар санын әлі де арттыруға ниетті.

Бақыт Сырымбаева, кәсіпкер:

- Қазіргі уақытта екі балабақша жұмыс істеп тұр, қызметкерлер де, мамандарымыз да барлығы жақсы, ата аналардың бізге деген сұранысы жоғары. Сондықта шамамыз келсе, ғимараттар табылса, ашу ойымызда бар.

Мемлекеттік жекеменшік әріптестік бағытында ашылған балабақшалар, кезек мәселесін шешуде маңызды роль атқарып келеді.

Ермек Келгенбаев, Аудандық білім бөлімінің бас маманы:

- 1633 бала мектепке дейінгі тәрбие біліммен қамтылған,3-6 жас аралығындағылар 100% толық мектепке дейінгі біліммен қамтылған. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік негізінде ашылған балабақшалар көп септігін тигізіп жатыр бүгінгі күні.

Осылайша, қазір ауданда жалпы 15 балабақша,15 шағын орталық жұмыс істеп тұр.

Айта кеткен жөн, жалпы облыста болашақта кәсіпкерлермен бірлесе отырып, 222 жобаны іске асыру көзделіп отыр.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Алан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы