387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Медициналық ұйымдар ұлттық аккредитациядан өтуге міндеттелуі мүмкін

  • 150
  • UPD: 21:17, 23.08.2019

Еліміздегі медициналық ұйымдар 2024-2025 жылға қарай ұлттық аккредиттеуден өтуге міндеттелуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйтпеген жағдайда, мемлекет бөлетін қаржыдан қағылады. Қазір біздегі емдеу мекемелерінің 70%-і осы ұлттық аккредиттеу талаптарына сай келмейді екен. Ол қандай талаптар?

Кез келген медициналық мекеме науқас үшін қауіпсіз, сапалы орта жасауға міндетті. Әрі мемлекет қаржыландыратын ұйым болса, барлық талаптарға сай болуы тиіс. Елімізде ұлттық әрі халықаралық стандарттарға сай мекемелер де бар. Солардың бірі - балаларды оңалту ұлттық орталығы. Бұл ұйым АҚШ-тағы «Алтын стандарт» саналатын JCI бағасын екі рет алған. Әрбір үш жыл сайын сынақ тапсырып, халықаралық аккредиттеуден өтеді. Бір айта кетерлігі, бүгінге дейін әлемде бірде-бір оңалту орталығы мұндай сапаға ие болмаған.

Шолпан Бөлекбаева, Балаларды оңалту ұлттық  орталығының директоры:

- 2014 жылы және 2017 жылы өттік. Енді 2020 жылы өтеміз. Критерийлер бар. 12 стандарт. Соның алтауы медициналық, алтауы жалпы ғимарат туралы, шатырдың басынан бастап жертөлеге дейін барлығын тексереді. Аккредитацияда көңіл аудармайтын ештеңе болмайды.

Біздің елде де 2009 жылдан бері аккредитациялау ұлттық жүйесі бар. Бұл жүйені Денсаулық сақтау сапасы бойынша халықаралық қауымдастық мойындаған. Алайда, еліміздегі медициналық ұйымдардың 70%-і JCI түгілі ұлттық жүйенің сынынан өте алмай отыр. Себебі, мұнда аурухана, емханалар мен медициналық ұйымдарға жертөледен шатырға дейінгі жай-күйі, медбикенің дәріні әзірлеуінен, дәрігердің ем тағайындауына дейін 500-ден астам талап қойылады.

Айнұр Айыпханова, ҚР ДСМ Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директоры:

- Аккредитация дегеніміз не? Ол ерікті прцедура. Мысалы әлемдегі дамыған елдерде медициналық мекемелер әрбір 3-4 жыл сайын осы ұйымға тапсырыс беріп, тексерістен өтеді. Олар ашық дайындалады. Өрт қауіпсіздігінен бастап дәрілерді сақтауды дұрыстайды. Мысалы, кейбір дәрілерді тоңазытқышта сақтау керек. Сол дұрыс сақтаулы ма? Көптеген 500-1000-дай талаптар қойылады. Сол талаптарды емханалар немесе ауруханалар орындаса, онда емнің сапасы жоғары болады және науқас қауіпсіздігі болады.

Медицинасы көш ілгері дамыған елдер денсаулық сақтау саласына мұндай жүйені 50 жыл бұрын енгізген. Мысалға Канада мен АҚШ-та әрбір 3-4 жыл сайын медициналық ұйымдарды тексеру міндеттелген. Ал көршілес Ресей болса, медициналық ұйымдарды аккредиттеу жүйесін Қазақстандық мамандардан үйренуге ниет білдіріпті.

Айнұр Айыпханова, ҚР ДСМ Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директоры:

- Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы мен Ресей Федерациясының осындай ұйымы арасында ұлттық сапа институты арасында 3 жылдық меморондумға қол қойылды. 02,00 Сол 10 жыл бұрын енгізген жүйемізді Ресей енді ғана енгізбекші екен. Олар біздің озық тәжірибемізді үйренуге келді.

Салалық министрлік, медициналық ұйымдарды 2024-2025 жылға қарай ұлттық аккредиттеуден өтуді міндеттеуі мүмкін. Егер өтпеген жағдайда, мемлекет бөлген қаржыдан қағылады. Ал, әзірге бұл  жүйе ерікті болып саналады.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы Әділғазы Төлеміс, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы