385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысына баратын туристер саны артқан

  • 126
  • UPD: 21:18, 23.08.2019

Мәселен, былтыр өңірге 2 миллионға жуық саяхатшы келген. Бұл арғы жылмен салыстырғанда екі есе көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жетісудың көз тартатын көркем табиғатын тамашалап, сейіл құрғандардың дені сакралды аймақтарды аралапты. Туристер іздеп баратын тарихи орындардың қатарында Жаркенттегі ескі мешіт те бар.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Жаркенттегі мына мешіттің құрылысына бірде-бір шеге қолданылмапты. Ағашты қиюластыру арқылы тұрғызылған екен. XIX ғасырдың ерекше сәулет ескерткішін көпес Вахун Юлдашев архитектор Хон Пикті жалдап, 100-ден аса жергілікті шеберге салғызыпты. 1600 адам сиятын ғимарат имандылық үйі ретінде 26 жыл ғана пайдаланылды.

Көркем Рахымғалиева, қор сақтаушысы:

-Кеңес үкіметі кезінде бұл жер әскерилердің жатақханасынан бастап ат байлайтын қорасына дейін пайдаланылған. Ал, басқа жақтарда жалдамалы пәтер ретінде кинотеатр, астық қоймасы ретінде әртүрлі мақсатта 1948-1949 жылдарға дейін пайдаланылған.

Мешіт 1960 жылдардың соңында күрделі жөндеуден өткізіліп, 1978 жылдан бастап мұражай ретінде қызмет атқарып келеді. Мұнда келушілер тас дуалмен қоршалған ғимараттың құрылысын көріп, тарихымен таныса алады. Жаркент маңындағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған қыш құмыралар да көпшілік назарына ұсынылған.

Ержан Қабылбеков, Талдықорған тұрғыны:

- Бұрын келмегенмін, бірінші рет келіп тұрмын. Жақсы жер екен. Тарихы жақсы екен. Бүгінше өзім ғана келіп отырмын. Отбасыммен келсем деген ой болып тұр.

Панфилов ауданында көне мешіттен бөлек Әулиеағаш, Найзатапқан, Жаркент, Арасан сынды қасиетті жерлер бар. Биыл ондағы туристік нысандар 10 мыңнан аса адамға қызмет көрсеткен.

Шухрат Құрбанов, Панфилов ауданы әкімінің орынбасары:

- Халыққа көрсетілген қызмет былтырмен салыстырғанда 77 млн теңге болды. Биылғы жылғы алты айда. Былтырғы жылмен салыстырғанда бұл 1-1,5 миллионға артық. Мешітке, Әулиеағашқа көп келеді.

Алматы облысындағы туристік кешендерге былтыр 2 миллоннан аса адам келген. Биыл 2 млн 200 мың турист Жетісудың тұмса табиғатын тамашалап, тарихи орындарына барады деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы