386,67 424,50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бурабайда жаңа курорттық аймақтың құрылысы басталды

  • 135
  • UPD: 21:45, 23.08.2019

«Ақбура» демалыс кешенін салуға 230 гектардан астам жер бөлінген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онда 150-ге жуық шағын қонақ үй мен спорттық және ойын-сауық орталықтары бой көтереді. Мұның барлығы Бурабайдың туристік әлеуетін арттырудың амалы, әрине. Ал, осы жазда курортты аумаққа қанша адам келді? Биылғы туристік маусым несімен есте қалды?

Жалпы биыл жаз жайлы болып, Бурабайға туристер әсіресе, шілде айында өте көп келді. Басқа кезде бос тұратын қонақүйлер мен жалға берілетін жер үйлер бұл кездері бір сәтке де босамады. Алайда, статистика басқармасы «туристердің нақты саны қыркүйек айында ғана белгілі болады», дейді. Десе де, мамандар осы жылы келушілердің қатары былтырғыдан кем болмайтынын айтады. Жоспар бойынша 600 мыңнан асуы мүмкін. Ал, бір аптадан соң жаз бітіп, туристік маусым да аяқталады. Бірақ бұл Бурабайдың биылғы дәурені осымен аяқталды деген сөз емес.

Алмас Сағдиев, облыстық туризм басқармасы басшысының орынбасары:

- Біздің туристік әлеуетті дамыту үшін Бурабайда былтырдан бері Four Seasons концепциясы жүзеге асырылып келеді. Яғни, курортты аймақ жыл он екі ай жұмыс істеп тұруы тиіс. Мәселен, осы күзде спорттық көліктер жарысы өтеді. Ал, қыста «Қансонар» бүркітшілер сайысын ұйымдастыру жоспарланған. Осылайша, туристік маусымнан тыс мезгілдерде де осындай ауқымды іс-шараларды өткізіп, туристерді көптеп тарту басты мақсатымыз болып отыр.

Келушілер көбейген сайын, проблемалар да қылаң бере бастайды. Мәселен, биыл туристер көлік тұрағының аздығы мен жолдың тарлығынан қатты қиналды. Жауаптылар, бұл мәселелерді де жуық арада шешеміз, - дейді. Көлік қоятын кемпингтік аумақ салынып, Бурабай ауылына кіретін екінші көше іске қосылмақ. Бірақ, халықта таңдау көп. Себебі, Көкше жерінің қай жері болсын өте көрікті.

Блиц 1:

- Бурабайдан басқа қандай демалатын орындар бар және ол жерлер сізге несімен ұнайды?

– Зерендіде. Жақсысы, инфрақұрылымды кішкене жақсарту керек. Ал жалпы орындар қызықты.

Блиц 2:

- Зерендіден басқа ешқайда барған жоқпыз.

- Несімен ұнайды сізге Зеренді?

-Алыс емес, көлі де таза.

Блиц 3:

- Зеренді сізге несімен ұнайды?

- Онда табиғат жақсы, әдемі. Көл бар, кісілер демалады. Мен өзім Бурабайданмын.

Осы тұста Сандықтау мен Ерейментауды, Қорғалжын мен елорда іргесіндегі демалыс орындарын да айтпай кету мүмкін емес. Жалпы облыс бойынша бүгінде туризм саласында қызмет етіп жатқан 700-ден астам нысан бар. Олардың барлығы да туристердің көбеюіне тікелей мүдделі.

Жалпы Ақмола облысына қазір жыл сайын 1 миллионнан астам турист келеді. Ал, олардың қатарын 2025 жылға қарай 3 млн-ға жеткізу көзделген. Сол үшін аймақта қазір барлық шаралар жасалып жатыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы