387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев Жезқазған мыс балқыту зауытының металлургтерімен кездесті

  • 151
  • UPD: 23:16, 23.08.2019

Мемлекет басшысы аймаққа жасаған сапары аясында Жезқазғанға барып, ондағы металлургтермен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаладағы мыс балқыту зауыты жоғары маркалы өнім шығаратын алып кәсіпорын. Қазір Жезқазғанның мысын бүкіл әлем біледі. Берісі Қытай, арысы Араб елдері сатып алып жүр. Ендігі мақсат – өндірісті өрістетіп, жаңағы тізімді кеңейту.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент қызметінде жезқазғандықтармен алғашқы кездесуі салтанатты сарайдан емес өндірістен басталды. Жезқаланы қала қылып отырған да осы қарапайым жұмысшылар. Сондықтан металлургтің қабағына қарап, тұтас шаһардың экономикалық-әлеуметтік ахуалын ұғуға болады. Әдетте бұл уақытта ауысымын тапсырып, ауыр жұмыстан үйді-үйге асығатын металлургтер бүгін президентпен кездеспекке арнайы кідіріп, жұмыстарында қалды.

Әлішер Жұбанышев ғұмырын металлургияға арнаған адам. 1970 жылдары ашылған зауытпен қатар өсіп, тоқырау жылдарындағы түрлі қиындықтарды да зауытпен бірге кештім дейді маман.

Әлішер Жұбанышев, металлург:

- 18 жасымнан осы цехта жұмыс істеп жүрмін. Енді ойлап қарасаңыз, 38 жыл болыпты. Сол 38 жылда түрлі жағдайды көрдік. Зауыттың тоқтағанын да, тоқырағанын да көрдік. Ал қазір жалақы деген уақытында, айдың басында беріледі. Қазір Жезқазған қаласының көптеген жастары айналдырған бір жылдың ішінде 200-дің үстінде біздің цехқа ғана жұмысқа алынды. Қазір оларды үйретіп жатырмыз.

Азамат Алдоңғаров, тілші:

- Қазақтың сары мысы деген осы. Қазылған кен өндірістің түрлі сатысынан өтіп, нәтижесінде осындай дайын өнім шығады. Жезқазған мыс балқыту зауыты жылына 200 мың тоннаға дейін катодты мыс өндіреді. Отандық өнім Қазақстанның темір жол торабы арқылы Қытай, Түркия, әрі қарай Араб мемлекеттеріне экспортталады.

Зауыттағы орташа табыс 236 мың теңге. Ең аз деген қарапайым жүк тиеушінің айлығы 180 мың. Өндіріске құйылған инвестициялардың арқасында өнеркәсіптің тынысы кеңейіп отыр.

Ербол Әдіреисов, Жезқазған мыс балқыту зауытының директоры:

2018 жылы екінші кен балқыту пешін іске қосуға 11 млрд теңге бөлінді. Инвестицияның арқасында өндірісті 60%-ке арттыра алдық. Биыл 187 мың тонна мыс алсақ, келесі жылы жоспарлы 200 мыңға көтереміз.

Зауыт мыстан тыс қорғасын және күкірт қышқылын шығарады. Келер жылы аталған өндірісті кеңейту жоспары тұр. Бұл жаңа жұмыс орындары. Қазір Жезқазғанның әрбір бесінші тұрғыны мыс балқыту зауытында жұмыс істейді. Сондықтан зауыттың дамуы халық тұрмысының көтерілуіне тікелей әсер етеді.

Авторлары: Азамат Алдоңғаров, Әлібек Әлиев

Хабар 24 телеарнасы