386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үкімет басшысы Ақтөбедегі тігін цехынан қысқы күрте сатып алды

  • 146
  • UPD: 23:50, 23.08.2019

Өңірлердегі әлеуметтік мәселелер Үкіметтің жіті назарында. Әсіресе халықты жұмыспен және баспанамен қамтуға басымдық беріліп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Премьер-министр Асқар Мамин Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдің экономикалық даму барысымен танысты, сосын аймақтағы құрылыс алаңдарын аралады.

Үкімет басшысы Ақтөбе облысына сапары аясында тігін цехында болып, жергілікті шеберлердің қолынан шыққан қысқы күртені сатып алды. Жеңіл өнеркәсіпке оң бағасын берді. Облыста басқа өңірлердегідей әлеуметтік мәселелер басты орында. Ол әрине, баспана мәселесі. Мұнда да «Нұрлы жер» мен «7-20-25» бағдарламасы аясында және көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларға жеңілдетілген несиемен баспана беріледі. «Бақытты отбасы» бойынша ай соңына дейін 74 адамға тұрғын үй сертификаты берілмек.

Гүлшашқан Нағыметова, қала тұрғыны:

Сол сертификатты алып, осындай екі пайыздық төменгі пайызбен екі бөлмелі пәтерге ие болдым. Өте ыңғайлы ауданнан. Балаларыма ыңғайлы. Сол үшін өте қуаныштымын.

Облыста өткен 2 жылда жалпы аумағы 1 миллион 600 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Биыл екі мыңнан астам адам баспанамен қамтылмақ. Әлеуметтік топқа жататын мыңнан астам азамат жеңілдетілген несие алып, баспаналы бола алады.

Асылбек Әлімбаев, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

2019 жылы 2009 пәтер қолданысқа тапсырылады. 2018 жылдан басталған 27 аз қабатты пәтерлер және 9 қабатты 400 пәтер биыл аяқтаймыз. Инженерлік желілермен толық қамтамасыз етілген және бүгінгі күнге абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Тұрғындар санының артуы логистиканы қарқынды дамытуға да пәрмен береді. Мәселен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі шағын және орта бизнесті дамытуға жаңа мүмкіндік туғызып отыр. Бұл бағытта жылына 33 миллион тонна тауар өтеді. Осыған орай Үкімет басшысы жол бойындағы шағын бизнес өкілдеріне қызмет сапасының халықаралық деңгейге сай болуын тапсырды. Транзиттік көліктердің кедергісіз жүруі де маңызды. Ол үшін құны 11 млрд теңгеден асатын «Оңтүстік айналма жолы» жобасы іске асуда.

Мәлімбет Ибрашов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- 2021 жылы толық аяқтауға мақсат қойып тұр. Жалпы ұзындығы 35 шақырым, Атырауға, Орал қаласына әрі қарай РФ шығатын көліктерді Ақтөбе қаласына кіргізбей айналып кететін болады. Ол экологиялық жаңынан әсерін береді. Тауар таситын көліктердің саны көбейеді.

Үкімет басшысы өңдірісті өңірдің бірқатар өнеркәсіптерін де аралады. Ақтөбе ферро қорытпа зауытының №4 цехында болды. Бес жылда мұнда 1 млн тонна өнім өнідірілген. Бұл үрдісті кірпіш зауыты да жалғастыруы тиіс. Себебі құрылысы қарқынды Ақтөбеде кәсіпорын өніміне сұраныс мол. Өндіріс жыл соңына дейін іске қосылады.

Магриф Сердеров, кірпіш зауытының директоры:

-Бұл жерде түрлі түсті силикат кірпіштерін шығырмақпыз. Айына 10 миллион дана өндіруге мүмкіндік бар. Бұл қала мен облыстың сұранысын толық қамтиды. Артығын өзге облыстарға жөнелтуге де болады.

Үкімет басшысы бірқатар ауданға шығып, кен өндіру орындары мен энергетика саласындағы өндіріс барысын көрді. Республикалық маңыздағы Ақтөбе-Атырау-Ресей бағытындағы жол құрылысымен де танысты. Өңірдің өнеркәсібі мен мұнай-газ секторын дамыту бағыты алқалы жиында айтылды. Басқосуда жұмысшыларды лайықты жалақымен қамтып, еңбек етуге қолайлы жағдай жасау мәселесі көтерілді. Өңірдің экономикалық және әлеуметтік мүмкіндігімен танысқан ол жергілікті билікке даму қарқынын үдетуді тапсырды.

Авторлары: Әнуарбек Марзатайұлы, Болат Молдағалиев, Айбек Даутов

Хабар 24 телеарнасы