386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда хирургтер симпозиумы аясында күрделі операция жасалмақ

  • 122
  • UPD: 23:13, 23.08.2019

Ақтауда әлемнің жетекші хирургтері бас қосты.

Биыл ашылғанына 30 жыл толған орталық ауруханада аймақ әкімдігінің қолдауымен кешенді іс-шаралар ұйымдастырылуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның аясында Қазақстан, Үндістан, Украина мен Ресей мамандары өзара тәжірибе алмасады. Екі күндік симпозиумда негізінен көкірек қуысына жасалатын емдеу тәсілдерінің тиімділері талқыланады. Бұдан бөлек, дәрігерлер бірлесіп бірнеше күрделі операция жасамақ.

Ақтаулық кардиохирург қиын операцияның қалай жасалғанын бізге түсіндіріп берді. Айтуынша, 45 жастағы ер адам ауруханаға кеше келіп түскен. Екі бірдей күре тамырдың тарылуынан ағзадағы қан айналымы нашарлаған. Абырой болғанда, дәрігерлерге елордалық әріптестері көмекке келді. Бірлесе қимылдап, күрделі емдік шараны бірнеше сағатта жасап шықты.

Қайрат Төлеп, орталық аурухананың ангио-зертхана меңгерушісі:

- Науқастың жүрегіне операция жасау бірнеше сағатқа созылды. Күрделі емдік шараны Алексей Колесников деген елордалық әріптесімізбен бірге жасадық. Білікті маман бұған дейін осы тектес операцияларды сәтті аяқтап жүр. Алдағы симпозиум күндері бір-бірімізден үйренеріміз көп екенін сөзсіз.

Ақтауда өтіп жатқан симпозиумда жүрек және қан-тамырлары аурулары басты тақырыпқа алынған. Кардиохирургтар аталған сырқат белгілерін клиникалық деңгейге жеткізбеу жолдарын талқылайды. Айтылған ұсыныс-пікірлердің негізінде күрделі операцияларды бірге жасайды. Алдағы тәулікке тағы бірнеше операция жоспарланып отыр. Барлығы да аймақтағы медициналық мекемелерге онлайн көрсетілмек.

Болатбек Қайыпов, орталық аурухананың директоры:

Симпозиум аясында облысымызда бұрын-соңды болмаған күрделі емдік шаралар жасалуда. Бұл операцияларға біздің мамандарымыз да қатысады. Жүрек-тыныс алу жүйесі бойынша өлім-жітім республика аумағында алдыңғы орында келеді. Олардың алдын-алу үшін әлемдік тәжірибеге сүйенуіміз қажет.

Айта кетейік, облыстық ауруханасындағы кардиохирургия бөлімшесі 2009 жылы ангиозертханамен жабдықталды. Жалпы орталықта 36 дәрігер жұмыс істейді. Олар жылына мыңға жуық операцияны сәтті аяқтап келеді. Озық техологиялардың қолданысқа қосылуымен емдік шаралардың дені тіліксіз жасалады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы